Өкінішке қарай, облыстық жер қатынастары бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелін сараптаған жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпей тұр. Яғни, бұл салада тұрғындарға қажетті бірқатар ақпараттар әлі де көмескі екен. Әсіресе, аумақтағы бос жатқан жер телімдері туралы хабарламалар мен ақпаратқа қолжетімділікте шектеу бары анықталды. Сондай-ақ, жер телімдерін пайдалануға беру рәсімдерінің және жер комиссиялары жұмысының ашықтығы сақталмай отыр. Ал көрсеткіштер тұтас сыбайлас жемқорлықтың туындауына ықпал ететін негізгі факторға айналуда.
- Жалпы, жер қатынастары саласы тек біздің облыста ғана емес, еліміз бойынша да сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне неғұрлым бейім салалардың бірі екені жасырын емес. Мысалы, 2019 жылы «Транспаренси Қазақстан» ұйымы жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша жер учаскесін алу, ресімдеу сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын 5 негізгі себептің бірі ретінде аталды Өкінішке қарай, жер мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы антирейтингте Алматы облысы алдыңғы орынға шыққан болатын. Қазір біз бұл бағыттағы жұмысты күшейттік. Мұндағы мақсат, жер қатынастарына қатысты барлық ақпараттарды ашық әрі қол жетімді болуды қалыптастыра отырып, жемқорлықтың тамырына балта шабу болып отыр, - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.
Құзырлы органның мәліметінше, жер қатынастары саласындағы жемқорлықпен күрес жыл өткен сайын күшейіп, пара алуға ниетті шенеуніктердің бір тобының қолына кісен салыныпты. Мысалға, 2018 жылы Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі осы саладағы 29 құқық бұзушылықты тіркеген. Оның ішінде пара алған 6 шенеуінік ұсталып, жазаланыпты. Ұсталғандардың бесеуі мемлекеттік қызметте бірініш басшы болып жұмыс істеген. Ал былтыр осы мазмұндағы 7 қылмыс анықталған екен. Қылмысы дәлелденген жылы 5 адам сотталды.
Өкінішке қарай, жыл басынан бері облыстың жер қатынастары саласында жемқорлық тәуекелі өскені анықталды. Агенттік қызметкерлері бұл бағытта11 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеген. Оның тоғызы бойынша сыйбайлас жемқорлыққа қатысты айып тағылған екен.