Спорт • 30 Сәуір, 2020

Онлайн-турнирде үш ойыншы үзеңгі қағыстырып келеді

157 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шахматтан жүлде қоры 250 мың АҚШ долларын құраған «Magnus Carlsen Invitational» онлайн-турнирінің алтыншы туры аяқталды.

Онлайн-турнирде үш ойыншы үзеңгі қағыстырып келеді

Біз бұған дейін норвегиялық Магнус Карлсен ресейлік Ян Непомнящийден, ал ирандық Әлиреза Фируджа нидерландтық Аниш Гириден басым түскені жайында жазған едік. Көп кешікпей тағы екі кездесу өтті. Америкалық Хикару Накамура мен қытайлық Лижэнь Дин арасында өткен аса шиеленісті бәсеке тай-брэйкке дейін жетті. Нәтижесінде бұл тартыс 3:2 есебімен Накамураның пайдасына шешілді. АҚШ-тың тағы бір өкілі Фабиано Каруана франциялық Максим Вашье-Лагравтан айласын асырды. Есеп – 2,5:1,5.

Жоғарыдағы жеңістерінен кейін АҚШ-тың қос саңлағы – Накамура мен Каруана осы күнге дейін жеке-дара көш бастап келген әлем чемпионы Карлсенді қуып жетті. Олардың әрқайсы 13 ұпайдан еншілеуде. Сол саңлақтарды Дин өкшелеп келеді. Қытайдың өкілі 12 ұпайды олжалауда. Одан кейінгі орындарда Непомнящий мен Фиружада – 6, Вашье-Лагравта – 5 және Гириде – 4 ұпайдан бар.