Аймақтар • 30 Сәуір, 2020

Жуалы ауданының табиғаты тосын мінез танытты

2066 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана Жамбыл облысы, Жуалы ауданының аумағында қатты жауын-шашын болып, тосын жағдай орын алған болатын. «Казгидромет» орталығының мәліметі бойынша, ауданда жауын-шашын көлемі 8 милиметр, ал жауған бұршақтың көлемі 17 милиметр болған.

Жуалы ауданының табиғаты тосын мінез танытты

Жуалы негізінен өңірдегі табиғаты ең күрделі аудан. Биылғы көктемде де табиғат тосын мінезін танытты. Аудандық төтенше жағдайлар бөліміне ағымдағы жылғы 29 сәуір күні кешкі сағат 21:17-де ауданның Шақпақ ата ауылы, Оразбаев көшесіндегі №97 үйдің ауласын су басып жатқаны туралы тұрғын Е.Сазынбековтен ақпарат түседі. Шұғыл аталған оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Б.Данилов, аталған департамент басшысының орынбасары М.Қосыбаев, аудан әкімі Н.Ергебеков, әкімнің орынбасары А.Жабағы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Е.Әміров, аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің басшысы К.Абдраимов және аудандық бөлім қызметкерлерімен бірге барып, тиісті шараларды қабылдаған. Аудан әкімдігінің мәліметінше, тексеру жұмыстарын жүргізу кезінде Шақпақ ата ауылдық округіндегі Алатау тау бөктерінде жауынның мөлшерден көп түсуі салдарынан судың Т.Дүйсебайұлы ауылының шетіндегі егіс алқаптарын шайып, С.Нарбайұлы көшесінің бойындағы 4 үйдің ауласына кіргендігі анықталған. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін аудан әкімдігінен 2 адам, Шақпақ ата ауылдық округінің әкімдігінен 6 адам және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшылары мен қызметкерлері тартылып, бірлесе жұмыс атқарған. Белгілі болғанындай, Шақпақ ата ауылы, Оразбаев көшесі №97 үйдің ауласына су жиналған. Аталған ауылдық округтің әкімдігінен ерікті 5 адам аталған үйдің ауласын тазарту жұмыстарын атқарды.

Сонымен қатар, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы Рысбек батыр көшесінің бойындағы 1 үйдің ауласына су кірген. Бұл мәселеге де аудан әкімдігінен 2 адам, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Е.Әміров, аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің басшысы К.Абдраимов және Б.Момышұлы ауылының әкімшілігінен 7 адам жұмыс атқарған. Сол сияқты, жиналған жауын-шашын сулары Б.Момышұлы ауылы Рысбек батыр көшесі бойындағы теміржол астындағы су өткізу орны арқылы жол бойымен өткен. Мұнда да аталған ауыл әкімшілігінен 7 адам жұмыс атқарған. Сондай-ақ, Қарасаз ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылындағы Береке көшесінің бойымен үйдің аулаларына су кірген. Мұнда да аудан әкімдігінен, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен, аталған ауылдық округ әкімшілігінен 20-ға жуық адам күші және қосымша тұрғындардың күші тартылып, суды ауыл шетіндегі сайға бұрып жіберген. Нәтижесінде аудан әкімдігі бүгінде тұрғындарға ешқандай да қауіптің жоқ екенін хабарлады. Төтенше жағдай кезінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен 4 қызметкер, 1 автокөлік, аудандық өрт сөндіру бөлімінен 1 көмекші, 4 қызметкер, УАЗ автокөлігі, ал аудан әкімдігінен 40 адам, 4 автокөлік күші жұмылдырылған.

Бүгінде аудандағы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының жобалық көлемі 158,0 миллион текшеметр, ал бөгеттің техникалық жағдайы бойынша рұқсат етілетін көлемі 145,0 текшеметр. Алайда, аудандық әкімдіктің хабарлауынша, су тасқынынан ешқандай қауіп жоқ.

 

Жамбыл облысы