Парламент • 30 Сәуір, 2020

Басты міндет – бөлінген қаржының жұмсалуына тиімді бақылау жасау

11 рет көрсетілді

Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысы болды. Сенат Төрағасы Д.Назарбаева өз сөзінде көптеген қазақстандықтарды алаңдатып отырған өзекті мәселелерге тоқталды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

«Пандемия біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де нағыз сынақ болды. Ол әлемдік экономиканы ешқашан болмаған көлемде қысқартып, мұнай нарығында бағаның төмендеуіне, кәсіпорындар мен тұрғындар шаруашылықтарын аса қиын жағдайға алып келді. Мұның салдары әр адамның өміріне ұзақ уақыт әсер ететіні  анық. Бұл жағдайды дұрыс бағалай білуіміз керек. Шығындарды азайту қажет болады. Біздер енді бүгінгі күннің шындығымен жаңаша өмір сүріп жүрміз», - деді Д.Назарбаева.

Сенат басшысы барлық мемлекеттік органдармен қатар депутаттардың алдына бірқатар міндеттер мен проблемалық мәселелер қойылып отырғанын атап өтті.

«Бүгінгі жағдайда экономиканың барлық салалары мен халық мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Әлемдік экономикадағы келеңсіз ахуал мен ресурстардың шектеулі болуын ескеретін болсақ, әртүрлі сценарийлер мен болжамдарды қарастырып, нақты мүмкіндіктер мен резервтерге баға беруіміз қажет. Үкіметтің іс-қимыл жоспарының негізі ережелерін Парламенттің, өңірлердің, экономика салалары мен қоғам  өкілдерінің қатысуымен талқылау қажет деп есептеймін. Бұл мәселелер бүкіл қоғамды толғандырады», - деді Д.Назарбаева.

Сенат басшысы бұл ретте бүгінде мемлекеттік саясаттың басымдықтарының арасында азық-түлік, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік мәселесі, сондай-ақ импортты алмастыру бірінші орында болуы тиіс деп санайды. «Мұнайдан түсетін табыстардың төмендеуі экспорт мүмкіндіктерін айтарлықтай қысқартады, яғни көп нәрсені біз өзіміз жасап үйрену керекпіз», деді Төраға.

Д.Назарбаева агроөнеркәсіп кешенін дамыту стратегиясына ерекше назар аударды.

«Жер жыртып, мал өсіріп отырған ірі, орта және шағын бизнес азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Жыл басында өткен парламенттік тыңдауда агроөнеркәсіп секторына жасалған талдау осы салада проблеманың көп екенін көрсетті. Бұрынғы проблемаларға енді төтенше жағдай кезіндегілер  қосылды. Бұл Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қайта қарау керек екеніне тағы да көзімізді жеткізіп отыр. Бүгінгі күннің шындығын ескеріп, мұны бірінші кезекте атқару қажет», - деп атап өтті Дариға Назарбаева.

Д.Назарбаева Қазақстанның оңтүстігіндегі аграршылар тап болған өзекті мәселелерге жеке тоқталды. «Қырыққабат өніміне байланысты Түркістан облысында орын алған жағдайға қараңыздаршы. Бүкіл әлем көптеген елдерде аштықтың орын алу ықтималдығы жоғары екенін талқылап жатқанда, біз жиналған өнімдермен не істерімізді білмей отырмыз» - деді ол.

Сенат басшысының пікірінше, бұл жағдайды мәслихаттар мен тексеру комиссиялары қатаң бақылауға алу қажет. «Фермерлердің еңбегін зая кетіруге біздің құқығымыз жоқ. Оларға мемлекеттің көмегі қажет, оны осы айдың тәжірибесі  көрсетті. Көмекті ішкі нарық қажеттілігіне, сондай-ақ қайта өңдеу мен экспорт мүмкіндіктеріне қарай көрсету керек», - деді Сенат Төрағасы.

Д. Назарбаева депутаттардың аса маңызды міндеті – экономиканы, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығы мен азаматтарды қолдауға бөлінген, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға бағытталған қаржының жұмсалуына бақылау жасау деп санайды.

Сенат басшысы Президент тапсырмаларының орындалуына тұрақты мониторинг жүргізуді, Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларының іске асырылуын жоғарғы Палатаның комитеттерінің бағыттары бойынша, өңірлерден сайланған депутаттарға – өз өңірлері бойынша бақылауға алуды тапсырды.

Д.Назарбаева қазіргі таңда Парламентке келіп түскен 2019 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебі бойынша жұмыстарға жеке тоқталды. «Бюджеттік жоспарлау жүйесін дұрыс құрудың маңыздылығын ескере отырып, біз Сенат жанынан бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңес құрдық және ол белсенді жұмыс істеп жатыр. Кеңестің көптеген ұсыныстарын Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері жұмыс үшін қабылдады. Осы жұмысты жалғастыру керек», - деді Д.Назарбаева. Ол сондай-ақ Сенат комитеттеріне өз бағыттары бойынша есепті мұқият зерделеп, проблемалар анықталған жағдайда, оларды жүйелі түрде шешу жолдарын ұсынуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар

Ұлттың батыр ұланы

Қазақстан • Кеше

Шекарада шектеу бар

Қазақстан • Кеше

Ұқсас жаңалықтар