Мұндағы жауынгерлік әзірлікті жетілдіру мен техникалық жаңғырту – заман талабы
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы – алысты болжап қана қоймай, дағдарыстан кейінгі кезеңде халықты жұмылдырып, басын біріктіретін, қиындықтан шығудың нақты жолдарын айқындайтын жаңа онжылдыққа арналған стратегиялық бағдарлама.
Бұл маңызды құжат “Қазақстан-2030” бағдарламасының алғашқы онжылдығын қорытындылап, 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспары шеңберінде келесі онжылдыққа нақты тапсырмалар жүктеп отыр. Тұтастай алғанда, Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауы дамуымыздың жаңа стратегиялық бағытын айқындап берді. Жолдау жолдары елдің индустриялық-инновациялық дамуын, ең бастысы, экономика мен әлеуметтік саланы ауқымды жаңғыртуды кеңінен қамтиды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу, жедел индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканың тұрақты өсуіне қол жеткізу, адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін болашаққа белсенді инвестициялаудың қазақстандық жолын нақтылады. Президент “Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс экономиканың өсу қарқынына ықпал етті, бірақ біздің дамуымызды тоқтатқан жоқ. Жинақталған экономикалық әлеует соңғы үш жылдың аса қиын дағдарыстық шайқасында бізге тұрлаулылықты қамтамасыз етті... Біз рецессияға жол бермедік, өйткені, не істеу керектігін білдік және мұны жедел істедік”, деп атап көрсетті.
Қоғамдағы қайта құрулар, сондай-ақ еліміздің одан әрі дамуы туралы бастамалар Қазақстан Қарулы Күштерінің қызметімен де тығыз байланысты екенін атап өткен жөн. Президенттің “…Ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала береді”, деген сөзіне ерекше тоқталып өткім келеді:
Қарулы Күштердің алдында жауынгерлік дайындықты нығайту мен оны одан әрі жетілдіру тапсырмалары тұр. Қазақстан халқы бүгінгі күні өздерінің қауіпсіздігі берік қолда екеніне сенімді. Қазақстан заманауи, жинақы да ұтқыр, жауынгерлік дайындық деңгейі жоғары армия құру жолын таңдады. Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлік деңгейін көтеру мемлекеттің әскери қауіпсіздік саласындағы басты тапсырмаларының бірі болып қала бермек.
Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев анықтап бергендей, биылғы жылдың басты тапсырмасы “әскерлердің сапасы мен тиімділігін арттыру” болып отыр. Сол себепті де, Қазақстан әскері жаңа қару-жарақ пен әскери техника жүйелерімен қамтамасыз етіліп, қазіргі заманға сай жауынгерлік қимылдар жүргізуге бейімделген жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етілуі керек.
Осыған сәйкес 2010 жылға Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлік жоспары жасалды. Бұл дегеніміз – жауынгерлік әзірлік деңгейінің артуы, сапалы әскери мамандар дайындау және әскери білім беру жүйесін оңтайландыру, әскери тәртіпті күшейту, халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түсу, тұрғын үй мәселесін шешу, әскери гарнизондардың инфрақұрылымдарын дамыту, әскери қызметшілер үшін қажетті әлеуметтік пакетті жасау, сондай-ақ 1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған кешенді шаралар өткізу.
Экономикалық қиындықтарға қарамастан, Қарулы Күштердегі жауынгерлік әзірлікті қажетті көлемде қаржыландыру одан әрі жалғаса беретін болады.
Қазіргі таңда әскерлердің барлық дайындық жүйесін жаңа сапаға көтеріп, заманауи ұрыс жағдайына келтіру шаралары қолға алынды. Сол себепті де жедел және жауынгерлік дайындық тапсырмаларын орындау әскерлерді оқытып-үйретудің жетекші құралы болып қала бермек. Осы ретте Қарулы Күштердің әлеуеті мен қуаты негізінен жауынгерлік әзірлік болып табылатыны сөзсіз. Жауынгерлік әзірліктің артқанын көрсететін кешенді шаралар әскерлерде жыл сайын жоспарлы түрде өткізіліп тұрады. Мәселен, 2009 жылы әртүрлі деңгейдегі 52 әскери жаттығу өткізілді. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда жауынгерлік дайындықтың бір жарым есеге артқанын көрсетеді. Олардың қатарында “Өзара іс-қимыл”, “Шеп”, “Дала қыраны” сияқты кең көлемді оқу-жаттығулары бар. Бұл жаттығуларда отты нүктелердегі жауынгерлік қимылдар тәжірибесі сарапталып, Қазақстан Қарулы Күштерінің басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың террорға қарсы өзара іс-қимылдары пысықталды.
Қазіргі заманғы басымдықтардың бірі ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру болып табылады. Осы орайда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің басқару органдары мен бөлімшелері қатысқан “Өзара іс-қимыл-2009” халықаралық командалық-штабтық жаттығуларын айтуға болады. Оның бөліп айтар мынадай үш ерекшелігі бар:
біріншіден, бірлескен операцияларды жоспарлау және өткізу барысында қатысушы мемлекеттердің әр түрлі буындағы ведомстволық басқару жүйелерінің бірлесе іс-қимыл жасау мүмкіндіктері басшылыққа алынды;
екіншіден, бөлімшелердің арасындағы жоғары кәсібилік, ұйымдасқан үйлесімділік қазақстандық әскери қызметшілер мен әр деңгейдегі командирлердің кәсіби кемелдігін көрсетті;
үшіншіден, Елбасының бастамасымен құрылған ұжымдық күштердің бірлескен іс-қимылдары тәжірибелі түрде жүзеге асты.
Бұл жерде бітімгерлік сипаттағы “Дала қыраны” халықаралық жаттығуларын да айналып өтуге болмайды. НАТО-ға кіретін елдерден келген бақылаушылар тобы бұл жаттығуларға да жоғары баға берді.
Өткен жылы әр түрлі деңгейдегі жаттығуларға жалпы саны 20 мыңнан астам әскери қызметші, 550-ге жуық танк пен бронды мәшине, 150-ге жуық әскери ұшақтар мен тікұшақтар, Әскери-теңіз күштерінің кемелері қатысып, шеберліктерін шыңдады. Жауынгерлік даярлыққа бөлімшелердің бірлескен қимылдарын үйлестіріп, жер мен әуеде қазіргі ұрыс қимылдарын жүргізетін заманауи тренажерлік кешендер кіргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Қарулы Күштердегі тренажерлік кешендер саны сексеннен асты. Соның бірі – “Профи” атқыш тренажері. Оқу орталықтары түгелге дерлік авиациялық, артиллериялық және әуе десанттық тренажерлерімен қамтамасыз етілген. Жаяу әскер жауынгерлік машинасының механик-жүргізушілері мен Т-72 экипажы да әзірліктерін міндетті түрде тренажерлерді пайдалана отырып жүргізеді.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша шетелдік сарапшылар “Қазақстан Қарулы Күштері бүгінгі таңда посткеңестік мемлекеттер армияларының ішінде жетекші үштіктің қатарына кіреді. Орталық Азия аймағында сөзсіз көшбасшы саналады” деген баға берді.
Қазіргі таңда Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде 2010 жылдың күзінде Қазақстанда өтетін кең көлемді “Бейбіт миссия” халықаралық оқу-жаттығуларына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, биыл ҰҚШҰ шеңберіндегі “Өзара іс-қимыл”, НАТО бағдарламалары аясындағы кезекті “Дала қыраны” жаттығуларын өткізу жоспарлануда.
Қазақстан әскерін жаңғыртудағы жетістіктің шешуші кезеңі әскери мамандардың қаншалықты даярлықтан өткендігіне байланысты. Әскери білімнің бәсекеге қабілетті жүйесін құру армияның кадрлық әлеуетін жетілдірудегі маңызды фактор болып табылады. Бүгінде әлемнің жетекші армияларындағы әскери қызметшілердің кәсібилігін арттыру жүйесі өз нәтижесін беріп отыр. Уақыт талабына сай болу үшін әскери маман өзінің кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отыру керек. Осыған сәйкес курстық дайындықтың көп деңгейлі жүйесі қалыптасты. Осы мақсатта 2008 жылдан бастап әскери қызметшілердің лауазымдық өсуінің типтік схемасы қолданысқа енгізілді. Бұл талап бөлімше командирі – қатардағы сержанттан бастап, Қорғаныс министрінің орынбасары – генералға дейін қатысты болмақ.
Жоғары лауазымға тағайындалар алдында әскери қызметші дайындық курсынан өтуге тиісті. Осыған байланысты әскери оқу орындарында қосымша курстар, әскери бөлімдердің базасында арнайы оқу орталықтары ашылды. Үзіліссіз әскери білімнің бес деңгейлі жүйесі қолданысқа енгізілді (негізгі орта білім, орта білім, орта білімнен кейінгі әскери білім, жоғары әскери білім, әскери білімнен кейінгі жоғары әскери білім). Дайындықтың екі деңгейлі моделі енгізілді (бакалавриат және магистратура). Докторлық диссертация қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес жұмыс істейді.
Кадет корпусы – кәсіби сержанттар дайындайтын ТМД кеңістігіндегі жалғыз оқу орны. Әскери білім қалыптастыру жаңаша ойлайтын әскери мамандардың жаңа генерациясын қалыптастыру болып табылады. Олардың басты сапасы жоғары кәсібилік, шетел тілдерін білу, ақпарат ағынын басқару, компьютерлік технологияларды сауатты меңгеру болу керек. Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігінің қызметінде жұмылдыру ресурстарын дайындау да айрықша орын алады.
Қазақстан әлемде жер көлемі бойынша 9-шы, халық саны бойынша 60-шы орын алады. Сол себепті де бізге үлкен әскерді ұстап тұру мүмкін емес. Бірақ, біз еліміздің барлық әскери міндетті азаматтарын қару-жарақты игеруге, кез келген уақытта Отанымыздың егемендігі мен тұтастығын қорғауға әзір болуға оқытуымыз керек. Осы мәселені шешу үшін әскери міндеттілерді оқытудың кешенді жүйесі жасалған. Осы жүйе шеңберінде Қарулы Күштердің оқу орталықтарында әскери міндеттілерді дайындау жөніндегі жыл сайынғы жиындар өтіп тұрады. Оларды оқыту бағдарламасына Қарулы Күштер қатарында қызмет еткен кезеңде алған тәжірибелерін қалыптастыруға арналған тәжірибелік сабақтар кіреді. Мысалы, биылғы жылы аталған жиынға мыңнан аса азаматты тарту жоспарланып отыр. Олар бір ай бойына 39 мамандық бойынша дайындықтан өтеді. Жұмылдыру резервтерін дайындаудың мұндай схемасы әлемдік тәжірибеде кең қолданылады.
Мемлекеттің әскери мекемесін дамытудың келесі бір басымдығы Қазақстан армиясын техникалық тұрғыда жарақтандыру болып табылады. Қазіргі басты басымдықтардың қатарында әскерлердің сапалық өлшемдерін арттыру, оларды кезең-кезеңмен қару-жарақтың заманауи үлгілерімен, әскери техникамен және арнайы құрылғылармен жарақтандыру бар. Сонымен қатар, жоғары дәлдіктегі қаруларды иелену де маңызды болып отыр.
Армияның әскери-техникалық әлеуетін нығайту жөніндегі тапсырмаларды шешуде отандық қорғаныс өндірісі кешендерінің қатысуына барынша басымдық берілу керек. Біздің пайымдауымызша, ол бәсекеге қабілетті, озық өндірістік технологияларды меңгерген, жан-жақты техникалық қамтамасыз етілген және жөндеу орталықтарының жүйесі дамыған кешен болуы тиіс. Бұл біздің мемлекеттің аумақтық тұтастығын ескергенде өте маңызды.
Сонымен қатар, заманауи технологияға ие көптеген шетелдік өндірушілер бірлескен кәсіпорындарда дайын өнімді шығаруға да қызығушылық танып отыр. Жоғарғы Бас қолбасшысы атап өткендей, “Индустриялық даму – бұл біздің жаңа онжылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер. Қазақстан табысты индустриялық держава болады – мен бұған әбден сенімдімін”. Отандық кәсіпорындарды қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу мен жаңғырту шараларына тарту Қазақстан кәсіпорындарының өндірістік мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Осы саладағы ынтымақтастық мысалы ретінде “Батыс Қазақстан мәшине жасау компаниясы” акционерлік қоғамымен арадағы бірлескен жұмыстарды айтуға болады. Бұл жерде БМП-2 зеңбірегіне отандық оқ-дәрілерді өндіру бір ізге түсірілген. Сондай-ақ, бұл жерде теңдесі жоқ “Утес” пулеметі де өндіріледі. Біз Орал зауытында артиллерияға арналған ауыр, сондай-ақ атыс қаруларына арналған жеңіл оқ-дәрілерді өндіруді қолға алмақпыз. Кәсіпорын басшылығы армия үшін өндіретін өнімдерінің номенклатурасын кеңейтуге ниет білдіріп отыр. Отандық оқ-дәрілерді өндіруді ұйымдастыру бағдарламасы шеңберінде жаңа үлгілер жасауға қазақстандық қару өндірушілерінің екі жыл уақыты кетті. Енді біз бұл оқ-дәрілерді алуға шетелге емес, өзімізге тапсырыс беретін боламыз. Бұл – кез келген өнімді өзімізде шығару, жаңа жұмыс орындары, бюджетке қосымша түсім, өндірістің одан әрі дамуы деген сөз.
Осы орайда “Зенит” акционерлік қоғамы туралы айта кеткен орынды. Бұл өндіріс орнының техникалық мүмкіндігі біз үшін шағын зымыранды-артиллериялық кемеге тапсырыс беруге қол жеткізіп отыр. Бұл кәсіпорындардың бәрі де шетелдік және отандық тауар өндірушілермен бірге мамыр айында Астанада өтетін “KADEX-2010” бірінші қару-жарақ, әскери техника мен әскери-техникалық мүлік халықаралық көрмесіне қатысатын болады. Қазіргі таңда зымыран-артиллериялық, авиациялық жою құрал-жабдықтарын жөндеу және қалпына келтіру бойынша қызмет көрсететін орталықтар құру мақсатында отандық кәсіпорындармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Әскери-техникалық саясатты іске асыруда халықаралық әскери ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Біз үшін белгіленген уақытта мүмкіндігінше аз шығынмен Қарулы Күштердің жекелеген бөлігін НАТО стандарттарына сай ең жоғары дәрежеге көшірудің мүмкіндігі зор. Қазірдің өзінде Аэроұтқыр әскерлерінің, Әскери-теңіз күштерінің, байланыс әскерлерінің жекелеген элементтерін осы стандартқа көшірудің нақты қадамдары жасалуда. Бұл қадамның дұрыс таңдалғанын тәжірибе дәлелдеп отыр.
Қорыта келгенде, Қазақстан бүгін әлемдік стандарттарға сай армия құруға қабілетті деп сенімді түрде айта аламын. Офицерлік корпустың қызметі жинақы да ұтқыр, заманауи техникамен жарақтанған және білікті де білімді Армия құру жөніндегі тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталған. Тәуелсіз Қазақстанның әскері Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы қойған тапсырмаларды кез келген жағдайда орындауға қабілетті.
Осы жылдар ішінде көрнекті саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан бұрынғы кеңес империясының шекпенінен шығып, экономикалық қуатты және демократиясы дамыған мемлекетке, Орталық Азияда мойындалған көшбасшыға, әлемдік қауымдастықтағы беделді әріптеске айналды.
Сәкен ЖАСҰЗАҚОВ, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант.