Қоғам • 30 Сәуір, 2020

БҰҰ арнайы баяндамашысының кейбір позициясына сөз таластыруға болады - Дәурен Абаев

135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев БҰҰ арнайы баяндамашысы Клеман Ньялетсосси Вульдің Қазақстанның бейбіт жиналыстары туралы заң жобасына жасаған ескертпесіне қатысты пікір білдірді.

БҰҰ арнайы баяндамашысының кейбір позициясына сөз таластыруға болады - Дәурен Абаев

«Кеңестің бірқатары Парламент Сенатының қабырғасында есепке алынатынына сенімдімін. Сөзсіз, арнайы баяндаманың әрбір бөлігі бойынша жауап береміз. Түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Мәселен, Вуль мырза митинг кезінде маска киюге  қойылған тыйымға қарсы шығып жатыр. Бірақ кейбір позиция бойынша сөз таластыруға да болады. БҰҰ арнайы баяндамашысының мәселен, АҚШ-қа қарсы осындай сын айтты ма, айтпады ма білмеймін. Ол елдегі 15 штатта да дәл осындай тыйым бар. Аустрияда мұндай ережені бұзғаны үшін 6 айға дейін қамайды. Испанияда бетін жауып, жиынға шыққандарға 30 мың еуро айыппұл салынады. Мұндай тыйым Германия, Швеция, Дания мен Швейцарияның кейбір кантонында да бар», - деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ ол пандемияны есепке ала отырып, әртүрлі жағдайды ескеру керектігін айтты.

«Жасөспірімдер митингі ұйымдастыра алмайтыны туралы ескерту жасалды. Грета Тунберг мектептен қалуға азаматтық сипат негіз бола алатынын бүкіл әлемдік қауымдастыққа дәлелдегенін, әрине, түсінемін. Алайда, біз бұл ретте, алып бара жатқан проблеманы көріп тұрған жоқпыз. Біз жасөспірімдерге митингіге қатысуға рұқсат береміз. Себебі біз қажетті конфенциялардың бәріне қол қойып, соның аясында осындай құқық беруіміз керек. Сонымен қатар мемлекет олардың қауіпсіздігін де өз мойнына алады», - деді ол «Ашық диалог» бағдарламасында.

Оның айтуынша бұл ретте мемлекеттің дәстүрі де есепке алынуы тиіс.

«Жалпы біз бұл пікірге үлкен қызығушылықпен қараймыз. Қашан да қарауға, талқылауға дайынбыз. Заң жобасының халықаралық қауымдастықтың жіті назарына ілініп отырғаны жақсы», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар