Экономика • 01 Мамыр, 2020

36 млрд теңге жеңілдетілген несие береді

318 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген шағын несие беру үшін 36 млрд теңге қаржы бағыттауды жоспарлап отыр.

36 млрд теңге жеңілдетілген несие береді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 31 наурызда жасаған мәлімдемесінде кәсіпкерлік секторды қолдауға бағытталған бірқатар міндет белгіленген болатын. Президент салық­тық жеңілдіктер, несиелер бойынша төлемдерді кейінге шегеру, тексерулерге тыйым салу мәселелерімен қатар, кең және сапалы жұмыспен қамту, агроөнеркәсіптік кешенді үздіксіз қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті несиелеуді арттыру қажеттілігін ерекше атап өтті.

Осы орайда Ауыл шаруашылығын қар­жы­лай қолдау қоры жеті жылдан бері шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламаның қар­жылық операторы ретінде жұмыс істеп келе жатқанын айта кету керек. Компания 2017 жылдан бері 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын іске асыруда. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы аралықта түрлі бағдарлама аясында қор жалпы сомасы 160 млрд теңге болатын 53 мыңнан астам шағын несие берген. Нәтижесінде 53 мыңнан астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды.

Қор өзінің несие өнімдері арқылы ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қар­жыландырып келеді. Нақты айтар бол­сақ, мал шаруашылығын, өсімдік шаруа­шылығын, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтау жобалары бар.

Нәтижелі жұмыспен қамту бағдар­ла­масы бойынша түрлі мақсаттағы не­сиенің жылдық сыйақы мөлшері 6%-ды құрайды. Сондай-ақ тиімді жылдық сыйақы мөлшері 6,7%-дан аспайды. Несиенің сома­сы, жеңілдік мерзімі несие өніміне байланысты әртүрлі болады. Сондай-ақ қордың несиелеу шартында аграрийлер қызметінің ерекшелігі, оның ішінде ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығы мен циклділігі ескерілген.

– Бағдарламаға ауыл шаруашылығымен және ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіп түрлерімен айналысқысы келетіндер және кәсібін кеңейтуді жоспарлаған азаматтар қатыса алады. Несие алушыларға қойы­латын бірқатар талап бар. Атап айтқанда, кәсібін енді бастайтын азамат­тың кәсіпкерлік негіздерін оқығаны тура­­лы сертификаты болуы тиіс. Несие та­ри­хы жақсы болғаны абзал. Кепілге қоя­т­ын мүлкі болуы шарт. Бұдан бөлек, бюд­­жеттік және қаржы ұйымдарының ал­д­ын­да мерзімі өткен берешегі болмауы керек, – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалынан несие алған кәсіп­керлердің 60%-ы бірнеше рет жеңіл­детілген несие рәсімдегендер. Солардың бірі – «Тамыр» шаруа қожалы­ғының басшысы Жанғали Ысқақов. Айыртау ауданында тұратын ол мал және өсімдік шаруашылығымен айналысады. Қожалық басшысы 2011 жылдан бері қормен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. «Еңбек» бағдарламасына қатысқан фермер ауыл шаруашылық техникасын алуға, егін егуге, мал басын көбейтуге несие алған. Былтыр жыл соңында ауыл шаруашылығы техникаларын жаңадан сатып алу үшін тағы несие рәсімдеді. Ол қазіргі уақытта көктемгі егіс науқанына дайындалып жатыр. Малдарын да төлдетіп, қызу қарбалас жұмыстар атқаруда.

Ал Түркістан қаласының тұрғыны Мұх­тар Сапаралиев «Бизнес-Кеңесші» кур­сын аяқтаған соң өзінің бизнес-жоспарын іске асыруға кірісті. Оның бизнес идея­сы – құрылыс саласында қызмет көрсету. Мұхтар кәсібін бастау үшін берген өтінімі мақұлданып, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 9 млн теңге несиені 6% мөлшерлемемен алды. Несие қар­жысына «LGZT 939» маркалы фрон­таль­ды жүк тиегіш техника сатып алып, іске кірісіп кетті.

Жалпы, өз ісін бастауға ниетті адам­дар­ға, несие алғаннан кейін басқа да мә­се­лелері туындаған адамдарға компания қолдау көрсетуге дайын. Бұл үшін әр облыс­тағы филиалдың менеджерлеріне ха­бар­ласуға болады. Кәсіпкерлер палата­сы­ның аудандық филиалдары да кеңес беруге әзір.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ – «ҚазАгро» Ұлттық бас­қарушы холдингінің құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйым екенін айта кетейік. Қордың негізгі міндеті – агроөнеркәсіп кешені саласындағы басымдыққа ие салалар бойынша ауыл кәсіпкерлігін қаржыландыру.

 

Ерлік САПАБЕК