Қоғам • 01 Мамыр, 2020

Алаңда жаттыққан алып

298 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Street workout чемпионы 25 жастағы Ильдар Ягьяев спорт­қа кездейсоқ келген жоқ – балаң қиялындағы қайратты азамат болып жетілсем деген ой-арманы жігерін жани түсті. Осы сенім-жігер спорт жолында кездескен қиындықтарды жеңіп отырды, ол жеңілістер мен сәтсіздіктерге мұқалған жоқ. 10 жасынан бастап Ақтау қаласының тұрғыны атанған ол 16 жасқа толысымен өз бетінше ойын алаңдарында жаттығуды бастады.

Алаңда жаттыққан алып

– Жетекші-жаттықтырушым бол­ған жоқ, мені алға құл­шын­дырған спортқа, әсіресе осы спорт түріне деген қызы­ғу­шы­лығым болды. Оның үс­ті­не белтемірге тартылу ба­рын­ша қолжетімді еді, әр­бір үйдің ауласындағы ойын алаң­да­рынан белтемірді та­бу­ға бо­ла­ды. Мен тынбай жат­тық­тым, үнемі алға ұмтыла бер­дім, нәтижелі көрсеткішке қол жет­­кізуге тырыстым, – дейді Ильдар Сейітназарұлы.

Ауладағы алаңда Ильдар әр­бір күні өзімен өзі қарсылас, өзі­­мен өзі бәсекелес болды деген сөз. Бүгінгі көрсеткішін ер­тең басып озуға ұмтылу – жақ­­сы әдіс және мақтанарлық же­­тіс­­тіктерге жеткізді. Бүгінде Ильдар – Street workout бойын­ша тартылудан Қазақстан Рес­пуб­­ликасының чемпионы, SW бо­­йынша ел чемпионы (жаңа ре­корд), Street workout-тың төрт тү­рінен Ресей Федерациясы чемпионы, Қазақстан Street Workout федерациясының мү­ше­сі.

2013 жылы Aktau Open Fest фестивалінде Ильдар «Freestyle: күрделі элементтер» аталымында үшінші орын алған, «екі қолмен көтерілу» күш­те­ме­лі жаттығулары мен беліне 32 килограмм қосымша жүк бай­лап тартылудан чемпион болды. Сол жылы Ильдар Қазақ­станның алғашқы чемпио­на­тын­да street workout бойынша ел рекордын орнатты. Ол «Бел­те­мірге беліне қосымша 32 килограмм жүк байлап тартылудан» 15 рет тартылып, жеңімпаз атанды. Өзі қызыққан аталған спорт түріндегі жетістіктері жал­ғаса берді – 2014 жылдың жел­тоқсанында Қазақстан құ­ра­­масы құрамында street workout бойынша әлем чемпионатына қатысса, 2016 жылдың қыр­күйегінде Aktau Open Fest фес­тивалінде белтемірге тарты­лу­да өзінің 2015 жылғы рекордын жаңартты. Ол беліне 32 килограмм жүк байлап 17 рет тартылды. Араға екі жыл салып, 2017 жылдың тамызын­да ол ел чемпионатында street workout-тан жаңа ректорд ор­нат­­ты.

Тынымсыз жаттығулар жолда қалдырған жоқ, 2018 жылдың көк­темінде Ильдар стритлифтинг бойынша Ресейдің ашық кубогында төрт жүлделі орынға ие болып стритлифтингтен ха­лық­аралық дәрежедегі спорт ше­бе­рі атағын алды. Сол жылы ол бүкіл Қазақстан бойын­ша өткен Challenge Street Workout-қа қатысып, туған қа­ла­сына спорт алаңын жеңіп алды. 2018 жылдың тамызында Ильдар Ягьяев Бүкіләлемдік стрит вор­каут және стритлиф­тинг президенті Денис Ми­нин­нің басшылығымен өткен ха­лықаралық «Workout Fest-2018» спорт фестивалінде стрит­лиф­тинг­тен таңғаларлық нәти­же көрсетіп, яғни бел­те­мір­ге 90 килограмм қосымша салмақпен тар­тылып, қос­сы­рықта 120 кг қо­сымша сал­мақпен кеудесін кө­теру ар­қы­лы екі дүркін әлем чем­пи­он­ы болды. Додаларда топ жарып жүрген жалынды жас жігіттің есімі сол жылы елі­­міздің «100 жаңа есім» жүй­­ріктері қатарында аталып, қуа­ны­шын еселей түсті. Же­ңім­паз болғандығын елордадан арнайы телефон арқылы хабарлағанда таңданысын жасыра алмаған. Бұл жаңалық оған үлкен әсер беріп, одан әрі қанаттандыра түс­­кен және тоқтап қалмай тек алға ұмтыла беру қажеттігін ұғын­­дыр­ған.

Арнайы құралдармен жаб­дық­талған спорт кешендерінде жаттықпай-ақ, көше спортынан зор жетістіктерге қол жеткізген Ильдардың өмірі көпке, әсіресе жастарға үлгі.

– Жастарға мақсатқа жету үшін тынымсыз еңбектеніп, нә­ти­­­жеге қол жеткізу үшін тал­пы­ну қажет дер едім. Мақсат пен жігер болса жас жігіт кез кел­ген ар­манына қол жеткізеді дер едім, дейді жуырда әке атануда үміт­ті Ильдар Ягьяев.

Барынша қолжетімді спорт түрін жастарға насихаттаған Иль­дар салауатты өмір салтын ұс­та­нудың денсаулыққа қан­ша­лық­ты қажетті екендігін еске салды.                        

        

Маңғыстау облысы