Саясат • 01 Мамыр, 2020

Елді сүйсінткен есті сөз

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақылды адамдар оқиғаның алдын алып, уақыттан озып жүреді. Әлемді әбігерге салған тәж-тажал бастала салысымен Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев өзге біраз мемлекеттерден бұрын төтенше жағдайды шұғыл, дер кезінде жасап, Жаратқан ием жомарттықпен сыйлаған кемел ойлы кемеңгерлікпен өте дұрыс шешім қабылдады. Соның нәтижесінде тәж-тажалдың ауыр салдарын айтарлықтай жеңілдетті.

Елді сүйсінткен есті сөз

Осы қысылтаяң кездегі Мемлекет басшы­сының барлық іс-әрекеті, төтенше жағдайды 11 мамырға дейін созғаны да көптің көңілінен шықты. Енді, міне, екінші рет мәлімдеме жасап:

«Басты міндет – азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу.

Әлеуметтік және экономикалық тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етіп, халықтың табысын сақтау үшін де арнайы шаралар қабылданып жатыр.

Тағы да қайталап айтамын: қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиын­дықта қалдырмайды», дегені халықтың рухын көтерген ұлық сөз болды.

Ақтамберді айтқан:

Білімді туған жақсылар,

Аз да болса көппен тең, – деген осы!

«Жизнь достойна тех, кто борется за нее каждый день» депті Островский. Мемлекет басшысының мәлімдемелері бізге өмірден алынған осы ұлағатты сөзді ойымызға оралтып, бойымызға күш-қуат, «Төзім тілекке жеткізеді» деген арманымызға қанат бітірді.

Мәлімдемедегі әр сөйлемнен халыққа деген құрмет пен сүйіспеншіліктің жылы лебі есіп тұр.

Мемлекет басшысы былай дейді:

«Бұл дағдарыс бірлігі бекем, елін сүйетін отаншыл жұрт екенімізді көрсетті.

Қашанда осылай ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткі­зе­міз. Оған ешқандай күмән жоқ.

Елдің қамы үшін бастаған ісіміз қайыр­лы болады деп сенемін! Халқымыз «Береке басы – бірлікте» дейді.

Жұдырықтай жұмылсақ, кез келген қиындықты жеңеміз!

Біз біргеміз!».

Иә, біз біргеміз, сызат түсіп сөгілмейді іргеміз!

«Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп», депті Күлтегін.

Сүлеймен бақытты кезінде қолындағы жүзігінің астындағы: «Бәрі де өтеді», қиыншылық келгенде жүзіктің үстіндегі «Бұл да өтеді» деген жазуды оқиды екен.

Иә, бұл да өтеді.

Тойдың үлкені алда.

Аман болайық!

 

Сәбит ДОСАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

АЛМАТЫ