20 Қыркүйек, 2013

Салықтардың өсу себебі неде?

258 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

2014 жылы Қазақстанда салық салу жүйесіне өзгерістер енгізілмек. Үкімет алкоголь мен темекіге акциздерді өсіруді, сол сияқты жеке тұлғалар мүлкінің салықтық ставкаларын олардың базалық құнына сәйкестендіруді жоспарлап отыр. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат ДОСАЕВ төменде осы мәселелер жөнінде баяндайды.

– Ерболат Асқарбекұлы, мұндай өзгерістер енгізуге не себеп болып отыр? Әлеу­мет­тік желілерде осының бәрі мем­лекеттік бюджетті шұғыл толықтыруға байланысты туындады деген әңгімелер айтылуда.

2014 жылы Қазақстанда салық салу жүйесіне өзгерістер енгізілмек. Үкімет алкоголь мен темекіге акциздерді өсіруді, сол сияқты жеке тұлғалар мүлкінің салықтық ставкаларын олардың базалық құнына сәйкестендіруді жоспарлап отыр. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат ДОСАЕВ төменде осы мәселелер жөнінде баяндайды.

– Ерболат Асқарбекұлы, мұндай өзгерістер енгізуге не себеп болып отыр? Әлеу­мет­тік желілерде осының бәрі мем­лекеттік бюджетті шұғыл толықтыруға байланысты туындады деген әңгімелер айтылуда.

– Бұл өзгерістердің бюд­жетті елеулі түрде толтыру амалына ешқандай қатысы жоқ екенін айта кеткім келеді. 2014 жылы мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің жалпы көлемі 5 триллион теңгеден асады деп жоспарлануда. Біздің болжамымыз бойынша, жылжымайтын мүлік пен көліктің жекелеген түрлеріне салықтарды өсіру бюджетке 10 миллиард теңгеге жете-қаба түсім әкеледі. Сондықтан мәселе бюджетті толықтыру емес, салық салу жүйесіне мү­ліктің шынайы құнына сәйкес түзетулер енгізуде болып отыр.

Уақыт алға басып, өмір өзге­руде. Ал салықтық ставкалар, мәселен, жылжымайтын мүлікке қатысты 2002 жылдан бері қайта қаралған емес. Яғни табыстар өсуде, рынок, бағалар өзгеруде, инфляция үдерісі орын алуда, ал салықтар 10 жыл бұрынғы деңгейде қалып отыр.

– Бірақ, рыноктағы ахуал­дың өзгергеніне қарамастан Қазақстан азаматтарының басым бөлігінің тұрмыс дең­гей­лері еселеп жақсара қой­ма­ғаны белгілі ғой...

– Ешкім де еселеп ұлғайту жөнінде айтып отырған жоқ. Салықтарды өсіру әлеу­мет­­тік мәселе екені, оның аза­­мат­­тар жағдайына әсер ете­тіні түсінікті. Дегенмен, объек­тив­ті түрде ойластырып кө­рейік. Бүгінде жылжымайтын мү­лікке салық бір шаршы метрдің 30 теңге бағасына сәй­кес келетін базалық құнды бас­шылыққа алып есептеледі. Онда да Астана мен Алматы қа­ла­лары үшін ғана. Облыс ор­та­лық­тары мен аудандық маңыздағы қалалар үшін бұл баға одан да төмен. Мұндай бағалар нарықтық құнға сәйкес келеді деп ешкім де айта алмаса керек.

– Сонда сіз салықтарды өсіру әділ болады деп есеп­тей­сіз бе?

– Иә, ол бүгінгі ахуалға сәй­кес келеді. Қараңыз, мәсе­лен, Астанадағы 45 шаршы метрлік екі пәтерді алайық. Олардың бірі Республика даңғы­лындағы ескі үйде, екіншісі Орынбор кө­шесіндегі жаңа үйде. Бұл үйлер бағасы әртүрлі екені шын­дық. Тіпті, Жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығының бағалауы бойынша да Орынбор көшесіндегі пәтер жарты мил­лион теңгеге қымбат. На­рық­тық баға бойынша ол айыр­ма­шылық одан да көбірек. Ал осы пәтерлерге салынатын са­лықтар бірдей дерлік.

Біз осы ахуалды өзгертуді ұсынып отырмыз. Осылайша, Астана мен Алматы үшін базалық бағаны қазіргі 30-дан 60 мыңға дейін көтермекпіз. Ал облыс орталықтарында 18-ден 36 мыңға дейін көтеріледі. Яғни ең жоғары базалық баға бір шаршы метр үшін 400 долларды құрайтын болады. Ал аудандық маңыздағы қалалар, кенттер мен селолар үшін став­ка­лар бұрынғы деңгейде қа­ла­ды.

– Сөйтіп, екі астана мен облыс орталықтарының тұр­ғын­дары үшін салық екі есе өспек қой?

– Жоқ. Сіз коэффициентті ұмытып кетіп отырсыз. Ба­за­­лық құнның сыртында жоға­ры­лататын және төмен­дететін коэффициенттер бар. Ол құ­ры­лыстың салынған жылына, оның физикалық ескіруіне байланысты өзгеріп тұрады. Мәселен, жаңа үйде тұратындар тұрғын алаңы дәл сондай ескі үйде тұратындарға қарағанда салықты көбірек төлейтін болады. Оның сыртында ардагерлер, тыл еңбеккерлері, көп­балалы аналар мен халықтың әлеу­меттік осал буындары үшін салықтық жеңілдіктер сақ­та­лады.

Тағы бір жаңалық – тұрғын алаңға градация енгізіледі. Осы­лайша, қымбат тұрғын үй­лер – алаңы 150 шаршы метр­ден асатын пәтерлер салық тө­леу­шілер үшін қымбатқа түсе­тін болады. Дегенмен, мұ ндай үйлердің көп емес екенін айта кету қажет. Бүгінде елімізде барлығы 2,14 мил­лион пәтер бар. Олардың 10,1 мыңының алаңы 150 шаршы метрден асады. Ал үйлер саны 2,6 миллион, оның ішінде 300 шаршы метр­ден асатындары 34 мыңдай ғана.

– Кім көп табыс тапса, сол көбірек салық төлеуі тиіс демексіз ғой?

– Иә, дәл солай. Әзірге бізде Алматының шетіндегі «хру­щевкада» тұратындар мен орталықтағы жаңа үй­де тұ­ра­тындар бірдей дер­лік салықтар төлейді. Бұл әділеттілікке жа­та ма? Менің­ше жатпайды. Не­ліктен мен министрдің ең­бекақысын ала отырып, қа­рапайым мұғалімнен сәл ғана көп салық төлеуім керек? Бұл мүлде дұрыс емес. Егер адам жаңа пәтерге ақша таба алса, ол жылына бір рет осы пәтер үшін салық төлеуге де қабілетті.

– Осы айтылғандарға кө­лік салығының өсетінін де қосып қояйық.

– Иә, көлік салығы да өсетін болады. Бірақ барлық автомобильдерге емес, тек қозғалтқыш көлемі 3-тен 4 текше метрге дейінгі автокөліктерге ғана. Мұндайлар Қазақстанда небәрі 112 мың ғана шамасында. Бүгінде осындай машина иелері 26 мың теңге салық төлейді. Біз бұған дейін қозғалтқыш көлемі 4 текше сантиметр болатын автомобильдерге төленетін салықтарға өзгерістер енгіздік. Ондай автокөлік иелері реніш білдірмей-ақ салықтарын төлеп жүр.

– Салық төлеуден жалтару жайттары қалай болмақ? «Лексус» автокөліктерін Ұлы Отан соғысы мүгедек­тері мен ардагерлері атына ресімдеп, салықтық жеңіл­діктерді емін-еркін пайдалану схемасының бар екені баяғыдан белгілі.

– Ендігі жерде ондайға жол берілмейді. Қозғалтқыш көлемі 4 литрден асатын қымбат машина категориялары үшін біз барлық жеңілдіктерді алып тастайтын боламыз. Елімізде бүгінде осындай автомобильдер иелерінің төрттен бірі дерлігі салықтық жеңілдіктерді пайдаланады. Мұның іс жүзінде салықтан жалтару екенін біз жақсы түсінеміз. Сондықтан да көлікке салынатын салықтарға жеңілдіктер алынып тасталмақ. Осылайша азаматтардың то­лық салық төлей бастауы ар­қа­сында бюджетке қосымша 1,7 мил­лиард теңге түсім түседі деп күтілуде.

– Салықтарды өсіруді бол­дыр­мау үшін депутаттар бен­зин акциздерін өсіруді ұсынды. Неліктен солай жа­сауға болмайды?

– Акциз құнының өсуіне ешуақытта жол беруге болмайды. Өйткені, бензин бағасы өсуінің соңын ала азық-түлік және басқа да тауарлар бағасы көтеріліп кететін болады. Сон­дықтан бүгінде мұндай шара туралы айтудың еш реті жоқ.

– Алкогольді және темекі өнімдері акциздері қашан көтеріледі?

– Иә, біз акциздерді өсі­рудеміз және болашақта да өсіре бермекпіз. Атап айтқанда, бүгінде мың сигаретке акциз 1550 теңгені құрайды. Біз 2014 жылдан бастап оны 3 мың теңгеге дейін, яғни 100 пайызға өсірмекпіз. Сонымен бірге, акциздерді біртіндеп өсіріп отыру жоспарда бар. Осылайша 2020 жылға қарай мың дана сигареттің акцизі 45 еуро деңгейінде болмақ.

Алкогольді өнімдерге қа­тыс­ты да дәл солай. Егер бү­гін­де 1 литр спирттің акцизі 2,5 еуро болса, 2014 жылдан бас­тап ол 5 еуроны, ал 2016 жылдан бастап 8 еуроны құрайтын болады.

Акциздерді өсіру біз үшін өте қажет және тек эко­но­­ми­калық тұрғыдан ғана емес. Біз­де темекі мен спирт­ті ішім­дік­тер өте арзан. Дүниежүзі­лік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның мәліметтері бойынша, Қазақстан жан басына шақ­қандағы спирт тұтынудан ал­ғашқы отыздықтың қатарына енеді. Бізде бір қазақстандыққа 7-8 литрден келеді екен. Бұл өте қатерлі көрсеткіш. Сондықтан да акциздерді көтеру қажет.

– Сіз акциздерді көтеру арқылы спиртті ішімдіктер мен темекінің «қара рыногын» ұлғайтып жібереміз деп қорықпайсыз ба?

– Егер әңгіме спиртті ішім­дікті қолдан жасау жөнінде болса, біз ондай рыноктың бар екенін білеміз. Мәселе бұл жер­де тағы да бақылауды кү­шей­­туге келіп тіреледі. Біз ал­когольді ішімдіктерді са­ту ережесін қатайтпақпыз. Олар ірі сауда орталықтары мен мамандандырылған дү­кен­дерде ғана сатылуы тиіс. Мұн­дай талаптарды бұзғандарға жау­апкершілік те күшейтілетін болады.

– Сіз акциздерді өсі­ру мен заңсыз сауда үшін қыл­­­мыс­­тық жауап­керші­лік­ті кү­шейту адам­дардың бой­­ын­­да саламатты өмір сал­ты­на деген талпынысты қа­лып­тастыру үшін жеткі­ліксіз деп ой­ламайсыз ба?

– Сөз жоқ, ол үшін бүтіндей бір шаралар кешені қажет. Ондай шаралар елімізде жүзеге асырылуда. Бұқаралық спортты дамытуға орасан зор көңіл бөлініп отыр. Бірақ олардың сыртында экономикалық шаралар да қажет. Бір қорап сигарет үшін 5-10 доллар төлеу қажет пе деген сауал тіпті үлкен адамның өзін ойландырады. Ал жасөспірімнің қалтасындағы ақша сигаретке немесе б ір шөлмек сыраға жетпеуі керек. Әлемдік тәжірибе темекі өнімдері арзан тұратын елдерде темекі шегушілердің де көп болатынын көрсетіп отыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар