Аймақтар • 01 Мамыр, 2020

Елордада саябақ құрылысы басталды

365 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында 50-ге жуық қоғамдық орын абаттандырылады. Олардың қатарында саябақтар, тынымбақтар және басқа да таза ауада серуендеуге арналған орындар бар. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елордада саябақ құрылысы басталды

Аталмыш орындардың басым бөлігі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында абаттандырылады. 10 жерде жұмыстар басталды. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Көктал елді-мекенінде орналасқан «Көктал» паркінің құрылыс барысымен танысты. Саябақ шеткері аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында салынып жатыр.

«Тұрғындармен кездесулерде, азаматтарды қабылдау барысында олар саябақтар мен тынымбақтарды абаттандыру мәселесін көтереді. Елдімекендерді дамытуға көп көңіл бөлеміз. Қазір елді-мекендерде 4 ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып жатырмыз. Бұл бұқаралық спортты дамытып, жастардың денсаулығын нығайтуға көмектеседі. Сонымен бірге ашық кеңістіктерді абаттандыруға кірістік. Бұл парк тұрғындардың сүйікті орындарының біріне айналуы үшін жұмысты сапалы орындау қажет. Автоматты суару жүйесін ойластыру керек. Аумақты күтіп ұстау маңызды», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Саябақ аумағы тыныш демалыс аймағы, белсенді демалыс аймағы және балалар демалыс аймағы болып 3-ке бөлінеді. Саябақ аумағында 8 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сонымен бірге елордада жол жұмыстары да басталды. Биыл жалпы ұзындығы 100 км құрайтын 150 көше жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, 21 нысанның жұмысы жалғасып жатыр. Есіл өзені арқылы өтетін көпір құрылысы аяқталады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 15 мың жаңа жұмыс орны ашылады.