Коронавирус • 01 Мамыр, 2020

Медицина қызметкерлерінің әл-ауқатын естен шығармаймыз - министр

102 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook парақшасында жазды.

Медицина қызметкерлерінің әл-ауқатын естен шығармаймыз - министр

«Кеше жиналыс өткізіп, мәселе бойынша негізгі сарапшыларды тыңдадым. Штабта біз Алматыдағы Орталық қалалық ауруханасында дәрігерлердің жаппай вирус жұқтыру жағдайын тағы бір рет талқыладық. Штаб жұмысының қорытындысы бойынша әріптестеріммен онлайн режимде кездесуді ұйғардым. Кешке осы емхананың дәрігерлерімен сөйлестім. Туындаған мәселелерді тыңдап, әңгіме өрбіттік. Кездесуге Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, кәсіподақтардың денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері және аурухананың медицина қызметкерлері қатысты», - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Министрдің жазуынша, аурухананың қызметкерлері үстемеақы алу турасында жазба қалдырған. Өз сөздерінде олар вирусты науқастардан жұқтырғанын көрсеткен. «Осыған байланысты аурухана қызметкерлері өтемақы алуға үміттеніп отыр. Олардың әрбір өтінішін жеке қарастырдық. Осы мәселеге қатысты жағдайдың күрделілігін ескеріп, алуан түрлі пікірді тыңдап, мен жергілікті атқарушы органды (әкімдік) және қалалық денсаулық сақтау басқармасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылдың 9 сәуіріндегі №129 бұйрығына тағы бір рет назар аударуға шақырдым. Ол бұйрықта алдыңғы қатардағы дәрігерлерге төленетін жағдайларды, жұмыс орнындағы инфекциялар үшін сыйақылардың жағдайларын зерттейтін және түпкілікті шешім қабылдауға мүмкіндік беретін комиссияларды құруға барлық өкілеттік берілген», - деп жазады министр.

Министр тәуелсіз комиссияның құрамына әкімдіктің өкілдері, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің (облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері) өкілдері, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтау жөніндегі жергілікті мемлекеттік органының, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жөніндегі жергілікті басқарма немесе бөлімнің, «Nur Otan» партиясы, медицина қызметкерлерінің мүдделерін білдіретін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіретінін еске салды.

«Қоғамдық пікір көшбасшыларын, журналистерді пікірталасқа қатысуға шақырамын. Мәселенің шешімін табу үшін бұл жерде ең алдымен ашықтық керек. Тағы бір маңызды мәселе – егер медициналық қызметкер коронавирус инфекциясын жұқтырудың салдарынан карантинде болса, олар кіріс көзінен айырылмауы керек. Бәрі де заңға сай төленуі тиіс», - деді ол.

Елжан Біртановтың айтуынша, комиссия төрағасы сол комиссия мүшелерінің берген дауысы бойынша сайланады. Комиссия төрағасы ретінде әкімдік қызметкерін, атап айтқанда әкімнің орынбасары деңгейіндегі адамды сайлауға кеңес беріліп отыр.

«Осы комиссия шешімінен кейін ғана төлемдер бойынша нақты шара қабылданады. Жергілікті атқарушы органның және денсаулық сақтау басқармасындағы әріптестерден тағы да сұраймын: Дәрігерлерге қиын кездерде туындаған проблемаларды шешуге көмектесу үшін мәселе тез арада шешілсе дейміз. Індетке қарсы костюмдер мәселесін жақын арада тексереміз. Бұл жерде кез-келген аурухана басшылығы өзінің медициналық қызметкерлерін жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өткім келеді. Құрметті медицина саласындағы әріптестер, сізден комиссия шешімі шыққанға дейін тыныштық сақтауыңызды сұраймын. Сіз карантинде ем қабылдап жатырсыз. Денсаулығыңызға мұқият қараңыз. Толық сауығу үшін барлық сақтық шарасын қабылдаңыз! Сіз елге керексіз! Керісінше біз медицина қызметкерлерінің әл-ауқатын естен шығарған емеспіз. Мен кез келген медицина қызметкеріне құлақ асып, оны қорғауға дайынмын! Кездесу қорытындысынан кейін ол ниетімді түсіндіңіздер деген ойдамын. Бәріңізге рахмет!», - деді Елжан Біртанов.