20 Қыркүйек, 2013

«Сәтимола» инвестор күтеді

416 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кешегі КСРО кезінде Индер борат руднигі 61 жыл бойы жұмыс істеп, одақтық байланыстар үзілгеннен кейін өндіріс тоқтаған еді.

Индердің 1200-ге жуық адамы осы рудникте жұмыс жасаған. 1960 жылы «Сәтимола» кеніші ашылды. «Сәтимолада» 1978-1986 жылдары барлау жұмыстары одан әрі жүргізілді.

Кешегі КСРО кезінде Индер борат руднигі 61 жыл бойы жұмыс істеп, одақтық байланыстар үзілгеннен кейін өндіріс тоқтаған еді.

Индердің 1200-ге жуық адамы осы рудникте жұмыс жасаған. 1960 жылы «Сәтимола» кеніші ашылды. «Сәтимолада» 1978-1986 жылдары барлау жұмыстары одан әрі жүргізілді.Дегенмен де, Одақтың тарауы боратқа деген сұранысты азайтты. Ал «Сәтимола» кенішінде құрамында калий және бор кездесетін тұздарды зерттеу жұмыстары соңғы кездерде кең көлемде басталды. Жергілікті қазба байлықты игеру үшін 2001 жылы шетелдердің қатысуымен «Сәтбор» кен-тау өндіруші кәсіпорны құрылған болатын. Сөйтіп, 2004 жылы, 19 сәуірде ел Үкіметінің №1391 хаттамасы бойынша жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасасқаннан кейін, кенішті зерттеу, бұрғылау жұмыстары басталып кеткен, дейді «Сәтбор» ЖШС директорының геологиялық мәселелер бойынша кеңесшісі Хасан Қамашев. Айта кету керек, аталмыш кен орны Батыс Қазақстан облысы, Базаршолан ауылынан – 40, Дендерден 70 шақырым жерде орналасқан. Бұл күндері Бекеттен «Сәтборға» автокөлік жолы, Базаршоланнан ЛЭП 10 кВ жерлері тартылды. Енді Дендер-Мақат темір жолының М.Өтемісов стансасынан 90 шақырымдық темір жол тартылмақ. Ал үлкен кернеулі электр желісін Елтай селосынан тарту ойда бар. Газ құбыры Қызылқоға ауданының Тасшағыл селосы арқылы жүрмек. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Қуанарлығы сол, шахтадан шыққан өнім жергілікті жерде өңделмек, «Сәтимоладан» өнімді өңдейтін екі зауыт тұрғызылмақ. Бірі – калий тыңайтқышын, екіншісі бор концетратын шығармақ. Шетелдіктермен бірлескен «Сәтбор» ЖШС компаниясы қызметі әлемдік стандартқа сәйкес келетін минералды калий тыңайтқыштарын және құрамында бор бар өнімдерін шығаруды көздейді. Сайып келгенде, бұл Қазақстанның әлемдік нарықта минералды тыңайт­қыштар өндіруші және экспорттаушы елдердің бірі болуына мүмкіндік бермек. Алдын ала есеп бойынша, тау-кен байытушы кешен құрылысының алғашқы легі 2017-2020 жылдарға жатады. Мұнда жұмысшы қызметкерлер саны 1500 адам болады. Ал 2020-2023 жылдары өндірісте жұмыс жасайтындар саны 3000 адамға жетпек. Енді өндірістің көлемі жылына 25 млн. тонна руданы шығаруға жеткенде, жұмысшы-қызметкерлер саны 5000 адамды құрамақ. Қазіргі уақытта болашақ кен орнын еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін еңбек нарығын зерттеп, комбайн кешендері машинистерін, өздігінен жүретін жабдық машинистерін, жер­асты бұрғылау, қопару және бар­лау ұңғымаларын бұрғылау опе­­ра­­тор­ларын, қопарғыш мамандарын, кон­вейерлік тасымалдау, көтеру құ­рыл­­ғыларының машинистерін оқы­ту мақсатында шетелден білікті оқы­тушы құрамын шақыру жоспарлануда.

«Сәтимола» кен орнында уран, басқа да қауіпті сәуле тарататын тау жыныстары жоқ. Яғни калий және бор өндіруде ауаға тарайтын шаң, жерасты суларының жер бетіне шығып, булануынан болатын зиянды нәрселердің таралу шегі 1000 метрден аспайды. Сондай-ақ, осы рудаларды өңдеу мен қажетті орындарға жеткізу шаралары жерастындағы шахтада өтеді. Ал жер бетінде пайдаланған лас сулар мен қалдықтар жерастындағы қуыстарды толтырады. Өздеріңізге белгілі, Чернобыль АЭС-індегі апатта оны ауыздықтауға осы борат пайдаланылды. Ол бойына сәулелерді молынан сіңіреді, таратпайды, дейді Қасан Қамашев.

Иә, «Сәтимола» кеніші респуб­ли­ка­мыздағы үлкен байлықтың бас­тауы болғалы тұр. Оның қоры жөнінде мына бір цифрларды келтіре кетсек те артық болмас. Ол Индер борат руднигінің отыз жылда өндірген өнімін бір жылда береді екен. Яғни жер­астында 450 – 1200 метр тереңдікте жатқан мол байлықтың сыртқа шығар күні де қашық емес. Енді ол шетел инвесторларын күтеді. Қалай болғанда да қоры 135 жылдан әріге жететін кеніштің тұтынушысы да мол болары анық.

Құттыгерей СМАДИЯР.