Солтүстік Қазақстан облысында былтыр жол шығындарына 30 млрд теңге бөлінген. Бірақ барлық жолдың әлі де 35 пайызы жөндеуді талап етеді. Биыл тағы 39 млрд теңге бөлінбек, ол да жол мәселесін толық шеше алмайды. Облыста барлығы 9 мың шақырым автожолдар бар. Жуырда автожолдар басқармасы бастығының орынбасары Т.Әуелов биыл соның 770 шақырымына асфалть төселетінін жеткізді. Бұл жұмыстарға жаз бойы 1500-дей адам тартылады екен. Әрине, халыққа жұмыс табылғаны жақсы, бірақ бір істелген жолдарды тым болмаса 10 жылға дейін қозғамайтын қылып, сапалы істеуге уәде береміз деген сөздер бастықтың аузынан шыққан жоқ. Өйткені, жолдың сапалы жасалатынына мамандардың өздері де сенбейді.
Биылғы жөнделетін жолдар Тимирязев, Уәлиханов және Мүсірепов аудандарының тұрғындарын қуантпақ. Әйтпесе, жаман жолдан бұл аудан тұрғындарының жүйкесі әбден жұқарған еді. Сондай-ақ «Саумалкол-Новоишим» және «Покровка-Корнеевка-Горное» тасжолдары жөнделмекші. «Петропавловск — Қорған» автотрассасы да жөндеуден өтпек.
Жол жөндеудің қауырт шағына жолшылар мамыр айынан бастап кіріседі.
Солтүстік Қазақстан облысы