Жаңа зауыттың ашылуына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, мемлекет және қоғам қайраткері, Халық қаһарманы, Еңбек Ері Сергей Терещенко және белгілі кәсіпкер Темірхан Досмұхамбетов қатысты.
- Бүгін біз бірлесіп «Талдықорған» индустриалды аймағында майлы дақылдар өңдеп, өсімдік майын шығаратын «Жетісу-Мажико» зауытын іске қосып отырмыз. Инвесторларға зор алғыс айтамын. Біз өз тарапымыздан индустриалды аймақ құрып, оны қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз еттік. Жалпы мемлекет қолдауының және қабылданған шаралардың арқасында өткен жылы Алматы облысының өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1 триллион теңгеге жуықтады. Біз бәріміз бірлесіп Елбасының басты тапсырмаларын, Тұңғыш Президентіміздің сара жолын жалғастырып келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүктеген міндеттерін орындау мақсатында жұмыс істеп келеміз. Бұл жұмыстар инвестиция тартуға, жаңа технологиямен жұмыс істейтін заманауи өндіріс орындарын ашуға, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған. Бүгінгі ашылып отырған зауыт – соның айқын айғағы, - деді зауыттың ашылуында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов.
«Жетісу-Мажико» агрокешенінің бұл өндірісіне 4,4 млрд теңге жұмсалыпты. Бірінші кезеңде 50 жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта кәсіпорын толық қуатына қосылып, зауыт іргесі кеңейгесін 500 адамға тұрақты кәсіп табылмақ. Қазір іске қосылған зауыт ыстықтай сығымдау тәсілімен өсімдік майын шығарады. Ол тәулігіне 500 тонна рапс және 400 тонна күнбағыс өңдейді, соның нәтижесінде өсімдік майы мен жом өндіріледі. Өндіріс шикізатпен 100 процент қамтылған, неміс өндірушілерінің құрал-жабдықтары орнатылған, сол арқылы алынатын өнім сапасын жақсарту үшін майлы дақыл тұқымдарын экструзионды технологиямен өңдеу қолданылады. Дайын өнім жергілікті нарыққа шығарылады, сонымен қатар таяу болашақта Қытайға экспортталады.
Жалпы, жақын арада Талдықорған қаласында жалпы құны 22,9 млрд теңге болатын тағы 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге аспақшы. Нәтижесінде 528 адам жұмыспен қамтылады деген жоспар бар.
Алматы облысы