Әлем • 01 Мамыр, 2020

Түркі кеңесі көлік министрлерінің бейнеконференциясын өткізді

232 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің көлік министрлерінің бейнеконференциясы өтті. Конференцияға Әзірбайжанның Көлік, коммуникациялар және жоғары технологиялар министрі Рамин Гулузаде, Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Әділ Карааймаилоглу, Өзбекстанның көлік министрі Илиор Ганиев, Венгрияның мемлекеттік көлік министрі Ласло Мосочи, Қырғызстанның көлік және жолдар министрінің мемлекеттік хатшысы Ермек Мамыркалиев және Қазақстанның  Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Берік Қамалиев қатысты.

Түркі кеңесі көлік министрлерінің бейнеконференциясын өткізді

Отырыс барысында олар Түркі кеңесі мемлекет басшыларының жедел шұғыл өткен видео-саммитте қабылдаған шешімдерінің орындалу барысын талқылады.  Кездесу барысында олар қазіргі дағдарыста көлік саласын қолдау бойынша ұлттық деңгейде қабылданған шаралар туралы ақпаратпен алмасты және біздің елдеріміздің қазіргі кездегі жүк тасымалымен кездесетін проблемаларын шешудің практикалық жолдарын талқылады.

Қатысушылар қазіргі кездегі көлік саласының ең өзекті міндеті азық-түлік, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен жабдықтар, сондай-ақ гуманитарлық көмек сияқты өмірлік маңызды тауарлармен қамтамасыз ету болып табылатындығын атап өтті.

Жаһандық пандемияның аймақ экономикасына тигізетін кері әсерін азайту мақсатында Транскаспийлік Шығыс-Батыс халықаралық көлік дәлізі арқылы көліктік операцияларды жеңілдетуге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, гуманитарлық жүктерді, қажетті заттарды, дәрі-дәрмектер мен медициналық техниканы жеткізу, сондай-ақ туындаған мәселелер бойынша үнемі ақпарат алмасу мақсатында жүк көліктерінің шекаралары,  өткізу пункттері арқылы өтуін жеңілдетуде практикалық көмек көрсету туралы келісімге қол жеткізілді. Квота беруде өзара қолдаудың қажеттілігі, виза рәсімдерін жеңілдету және шекара сызықтарымен жүруге рұқсат беру үшін алымдар туралы толық түсінік алынды. 

Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – Түркі кеңесі жанынан «Көліктік Үйлестіру Комитеті» деп аталатын, мүше елдердің көлік министрлерінің орынбасарлары деңгейінде көліктік операциялардан туындайтын проблемаларды іс жүзінде шешу, көліктік және логистиканы тиімді үйлестіру жөніндегі топ құру туралы шешім қабылданды. Комитеттің бірінші отырысы осы жылдың мамыр айының ортасында өтеді. Қазіргі жағдайда тағы бір маңызды шешім – Түркі кеңесі аясында мүше мемлекеттер арасында азық-түлік, медициналық, гуманитарлық тауарлар мен қажетті тауарлардың жылдам транзиті үшін «Жасыл дәліз» құру. Жаңадан құрылған «Көліктік Үйлестіру Комитеті» бұл міндетті басымдықпен шешеді.

Сондай-ақ «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы халықаралық бірлескен жүк тасымалы туралы келісім» жобасы бойынша келіссөздерді тез арада аяқтау туралы шешім қабылданды.

Түркі кеңесі көлік министрлерінің келесі кездесуін осы жазда Будапеште өткізуге келісті.