Әлем • 02 Мамыр, 2020

Қай елдерге саяхаттай аламыз?

111 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Дүние жүзінде COVID-19 шарықтау шегіне жетіп, ауру жұқтырғандардың күнделікті өсімі төмендеп келе жатқанын жариялады. Шектеу шараларын ақырындап жеңілдетіп, инфекцияның қайта таралуының алдын алу үшін жаңа стандарттар енгізіп жатыр. Біраз мемлекеттер шекарасын ашуға дайын екенін мәлімдеп үлгерді.

Қай елдерге саяхаттай аламыз?

Сәуір айының ортасында Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мен Еврокеңестің төрағасы Шарль Мишель Еуропа Одағының COVID-19 дағдарысынан шығу жол картасы аясында ұсынды. Ал туристердің «шенген» визасын алуы үшін қосымша құжат – коронавирусқа тапсырылған тесттің теріс нәтижесі туралы анықтама қажет болуы мүмкін.  Грекияда шектеу 27 сәуірден біртіндеп алына бастады. Сертификат алған туристік насандар мен отельдер жұмысын 1 маусымнан бастайды.

Германия ЕО елдері арасындағы шекарасын жазда ашу мүмкіндігін талқылауда. Басқа туристер үшін Германия шамамен қыркүйек айына дейін жабық.

Жалпы ішкі өнімінің 13%-ы туризмге тиесілі Италия шекарасын шетелдік туристер үшін 2020 жылдың соңында ғана ашуды жоспарлап отыр. Осы орайда La Repubblica газеті Италия мәдениет министрі Дарио Франческинидің  «Бәрінің проблемасы ортақ және елдің бәрі саяхаттағысы келеді, алайда биыл  халықаралық туризм үшін жол жабық» деген сөзін жариялады.  

Daily Mail-дің жазуынша, Сицилия туризмді қалпына келтіру стратегиясын жасап жатыр, оған аймақ билігі 50 млн еуро бөлмек. Арнайы ваучерлер туристерге отель құнының жартысын төлеуге және музей, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген жерлерге тегін билет алуға мүмкіндік береді. Ваучерді Visit Sicily сайтынан алуға болады. 

Испанияда қонақ үйлердің ашылуы маусым айының екінші жартысына жоспарланған. Бірақ 2020 жылы олар тек ішкі нарыққа жұмыс істейтін болады. Франция карантинді 11 мамырға дейін созды. Ел президенті Эмманюэль Макрон мемлекет шекарасы қыркүйекке дейін жабық болатынын айтып жатыр.

Чехия билігі 24 сәуірден өз азаматтарына шетелге шығуға рұқсат берді, алайда келген кезде міндетті түрде карантинде отырады. Сонымен қатар, 27 сәуірден ЖОО, кітапхана, хайуанаттар бағы және кейбір дүкендер жұмысын қайта бастады. 11 мамырдан СОО, музей мен шаштараздар ашылады деп жоспарланған, ал мамыр айының соңына қарай мейрамханалар мен қонақ үйлер өз жұмысын бастайды.Әзірге шетелдіктердің келуіне рұқсат жоқ. Сәуір айының ортасында Prague газеті бұл шектеу 2020 жылдың соңына дейін өз күшінде қалады деп хабарлады.

Израиль

Израиль карантиннен 17 сәуірден кезең-кезеңімен шыға бастады. Дүкендер ашылып, тұрғындардың көпшілігі жұмысқа оралды. Израиль туризм министрлігінің департаменті «Интерфакс-Туризм» порталына: «Алдымен Израиль азаматтарының ел ішінде саяхаттауына мүмкіндік ашылады. Бұл ретте ұзақ карантин кезінде адамдардың бойы үйренген қорғаныш құралдары: қолғап, маска және антисептикті үнемі пайдалану талабы қойылуы мүмкін» екенін айтыпты.

Египет  

Египеттің отельдері елдегі эпидемиологиялық ахуал қалай жақсарады, солай ашылуға дайын. Алайда келушілер инфекция жоқ  деген анықтама ұсынып, қонақтар тек отельдің төрттен бір бөлігін ғана мекендеуі тиіс. Бұл туралы Sada el-Balad телеарнасына берген сұхбатында Қызыл теңіз провинциясының губернаторы Әмір Ханафи мәлімдеді. Мысыр отельерлері  шетелдіктерді қабылдау қыркүйек айында қалпына келеді деп пайымдайды. Kompas туроператорының бас директоры Анна Соловьева Мысыр бағытындағы турлар маусымның соңынан жандана бастайды деген пікірде.

Мальдив аралдары

Мальдив туризм басқармасы елдің 27 курорты турист қабылдауды бастағанын хабарлайды, алайда ондағы қонақтардың қатары сирек. Қалған курорттар реновацияға жабылған немесе қызметін тоқтатқан.

Кипр 

Туризм министрінің орынбасары Саввас Пердиостың айтуынша, Кипр шілдеден бастап шетелдік туристерді қабылдаудан үмітті. Туризм министрлігінің есебі бойынша,  биыл елге шамамен 1,5 млн шетелдік келуі мүмкін, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда, 60%-ға аз.

Қытай

Қытай наурыз айының соңында-ақ ішкі туризмді жандандыра бастады. Тұрақты халықаралық әуе қатынасын қайта жаңғырту туралы ресми ақпарат әзірге жоқ. Алайда «Kompas» туроператоры Қытай бағытындағы чартерлік бағдарламаны тамыз айына таман қосуды жоспарлап отыр.

Таиланд 

Таиланд билігі карантинде туристік нысандар: отель, мейрамхана, SPA, дүкен мен көлікті сертификаттауды қолға алған. Тайланд туризм басқармасы бұл жоба туристік салаға деген сенімді күшейтіп, дағдарыстың әлеуметтік-экономикалық салдарын жұмсартуға мүмкіндік береді деп тұжырымдайды. Елде ең алдымен ішкі туризм іске қосылады. Мәселен, Пхукет 1 мамырдан ашылады деп жоспарланған. Thai Lion Air және Thai Air Asia әуе компаниялары ішкі рейстерге осы күннен бронь ашқан. Туризм басқармасының дерегі бойынша, 2020 жылы шетелдік туристердің саны 24 миллионға дейін төмендейді. 

Түркия

Түркия ішкі туризмді 1 мамырдан, ал шетелдік туристерді қабылдауды мамырдың аяғынан қабылдаудан үмітті. Түркия Мәдениет және туризм министрі Мехмет Эрсойдың айтуынша, шетелдік турист ағынын қалпына келтіру Азия нарығынан басталады. Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Африка және Таяу Шығыс елдерінің туристері  Түркияға шілде айының ортасынан немесе тамыз айының соңына қарай бара алады.  Түркияның  әуе компаниялары Қазақстанға қатысты шектеу щараларын барынша жұмсартуға үміттеніп отыр. Turkish Airlines әуе компаниясының сайтынан Алматыдан Стамбұлға 16 мамырдан 373,2 долларға билет брондауға болады.

Қазақстан

Қазақстанда карантин 11 мамырға дейін ұзартылды, десе де карантин режимі ақырындап жеңілдетіліп жатыр, 1 мамырдан Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында әуе рейсі ашылады.

Сарапшылардың болжамы бойынша, егер Үкімет ТЖ режимін алып тастаса, ішкі туризм маусым айынан жандана бастайды. Турфирмалар жаздың бірінші айында саяхатшылар үшін бірқатар ұсыныс дайындап отыр: Алакөл, Бурабай, оған қоса демалыс күнгі танымдық және экологиялық турлар. Егер халықаралық әуе қатынасы қалпына келтірілсе, маусым айының соңына қарай қазақстандық туристер Шығыс Еуропа елдеріне: Болгария, Грекия, Черногория, Хорватия, мүмкін тіпті Египет мен БАӘ-ге бара алады.