Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 18 сәуірде №212 бұйрығымен коммуналдық қызметтерді жеткізушілерге шығындарды өтеу қағидалары бекітілді.
Мемлекет басшысының төтенше жағдайға байланысты карантин енгізілген қалалардың тұрғындары үшін коммуналдық төлемдерді төмендету мәселесі бойынша кешенді шешім әзірлеу жөніндегі тапсырмасына сәйкес халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын негізге ала отырып және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде мынадай санаттар белгіленді:
1) 1, 2, 3 топ мүгедектері;
2) мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
3) көп балалы отбасылар;
4) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар;
5) мемлекеттік және қоғамдық міндеттерін, әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары;
6) ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер;
7) атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер.
15 мың теңге сомасына шығындарды өтеу жоғарыда көрсетілген санаттағы азаматтардың әкімдікке жүгінулері негізінде ғана жүргізіледі.
Әлеуеттік көмек алушыға Ақпараттық жүйелер немесе call-орталық арқылы әкімдікке өзінің ЖСН, әлеуметтік мәртебесі мен жеке шотының нөмірін ұсына отырып өтінім беру жеткілікті.
Call-орталық арқылы ауызша өтініш беру жеткілікті.
Сонымен қатар, қосымша өзге құжаттарды ұсыну талап етілмейтінін айта кету еерек.
Бұдан әрі, әкімдік ұсынылған деректерді тексеріп, дұрыс болған жағдайда азаматтың жеке (абоненттік) шотына қаражат аударады.
Әкімдіктер өтінім беруге арналған ресурстарды құру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр.
Көмек Қағидада көрсетілген санаттарға жататын, коммуналдық қызмет көрсетушілермен өз атынан келісім-шарт жасаған және карантин енгізілген елді мекенде тұратын адамдардың барлығына көрсетіледі.
Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған және көп балалы отбасылар, мемлекеттік және қоғамдық қызметін, әскери борышын өтіп жүрген кезде қаза тапқан адамдардың отбасы мүшелерінің бірінің қызмет көрсетушілермен шарты болуы тиіс.
Бұдан басқа, бүгінгі таңда жоғарыда көрсетілген санаттарға жататын адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне коммуналдық қызметтер бойынша шығындарды өтеу бойынша жоғарыда көрсетілген Қағидаларға өзгерістер енгізу мәселесі пысықталып жатыр.