Мәдина үйдің үлкені болғандықтан, отбасының кәдімгідей қолғанаты. 13 жасында бет әрлеуге арналған курсты тәмамдаған. Содан бері екі жыл ішінде талай қыздың бетін әрледі. Сұлулық образын жасаудан ләззат алады. Грим жасаумен қатар биге де әуес. Өнерімен көзге түскен Мәдина қазір облыстық филармония жанындағы «Гәкку» би ансамблінде биші.
– Сөйтіп, карантин басталғалы осы баланың еңбекақысына азық-түлік алып отырмыз. Кәдімгідей көпкөрім көмек, – дейді Мәдинаның анасы Әсел Базарбаева.
Бишілік өнерімен тапқан еңбекақысынан бөлек, бет әрлеуге тапсырыстар алып та жұмыс істейді. Қазір карантин болғандықтан, отбасындағы ханшайымдарды ғана сәндеп жүр. Үйде бос отырғанды ұнатпайды. Шетелдік визажисттердің онлайн марафонына қатысып, түрлі образдар жасап, шеберлігін шыңдауда. Ал отбасы өнерлі қыздың ынта-жігеріне әрдайым қолдау білдіріп келеді.
– Мен алғашында анама бет әрлеуші боламын деген ниетімді айтуға жүрексіндім. Дегенмен, отбасыма шамалы болса да қаржылай жәрдемдесуге үлкен мүмкіндік деп ойладым, –дейді бет әрлеуші Мәдина Нүкеева.
Сұлулық әлемінің қыр-сырын танып, оған ден қою үшін мықты ерік-жігер, қайсарлық қажет. 15 жасар Мәдинаның бойында бұл қасиеттердің бәрі бар. Ал, сұлулық әлемді құтқарады.
Көкшетау қаласы