Экономика • 02 Мамыр, 2020

Пандемия ипотека нарығын айналып өтпейді

268 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Пандемия, әлемдік катаклизм,  мұнай бағасының арзандауы күні бүгінге дейін қоғам үшін №1 проблема болып келе жатқан ипотека проблемасын тасада қалды. Сарапшылар әзірге мұны ойлауға үкіметтің де, Ұлттық банктің де шамасы жетпей жатқанын айтады. Бірақ бұл мәселенің күні бүгінге дейін басы ашық.

Пандемия ипотека нарығын айналып өтпейді

Себебі  сарапшылар соңғы екі айда қанша азаматтың жұмысынан айырылғанын және олардың қаншасында ипотекалық қарыздары барын есептей алмай жатыр. Алдағы бірер айда, пандемияның ызғары басылған соң, бұл мәселеге қайта оралуға мәжбүр боламыз.  2000 жылдардың екінші жартысында сырттан 4-5 пайызбен жеңіл қарызды күреп тұрып алған банктердің елге 20-25 пайызбен жұртқа үлестіргені көз алдымызда. «Қазір ипотекалық қарызымды өтеп беріңдер» деп ай аралатып шеруге шығып, Ұлттық банктің алдында жүргендер Алматыда , Астанада да көп еді. Күні ертең жұмыссыз қалған азаматтар ипотекалық қарызымызды өтеп беріңдер деп көшеге шықпасына ешкім кепілдік бере алмайды. Себебі тұрғын үй нарығында өзгерістер болатыны, үйлердің арзандайтыны белгілі болып қалды. Наурыз айына дейін 120-200 млн теңгеге дейін бағаланған пәтердердің күні ертең қанша бағаға дейін арзандайтынын ешкім білмейді.  Үкіметтің бұл жолы ипотека алған азаматардың қарызын жеңілдетуге шамасы жетпейтіні түсінікті. Және оған міндетті де емес.   Сарапшылар сақтандыру нарығын дамыта алмағанымыз көп нәрсеге қол бойлау  болып келгенін айтады. Жұмыссыз қалған және мойнына қарыз қамыты ілінген адамдардың көшеге шығып, тағы да Үкіметке қарап алақан жаюудан басқа амалы жоқ.  

Бұған кім кінәлі, қарыз алушының болашақтағы төлем қабілетін зерттемей несие берген банктер ме, әлде өзінің шамасын білмей, басын қамытқа тыққан жұрт па? Белгілі қаржыгер, экономика ғылымдарының докторы Ғалым Байназаров  ипотекалық несиесін жаба алмай, қарызы басынан асып кеткендерге дұрыс ақыл айтып, жөн көрсете қою мүмкін емес екенін айтады. Ипотекалық несиенің негізгі қарызының жартысына жуығын жауып тастауға банктердің құлықты емес екендігін түсіну де керек. Кезінде берілген қарызды бүгінгі банктердің акционерлері не үшін біз жабуымыз керек деп те ойлайды. 2006-2008 жылдардағы қаржылық дағдарыстан кейін банктердің акционерлері де өзгерді. Бұл мәселеде бір ғана болар-болмас үміт бар, Үкімет кепілдікке қойылған жалғыз баспанасы барларды сол отырған пәтерінен шығарып тастамаудың амалын қарастыруы тиіс. «Қарыздарының 50-70 пайызын жапқызуға Үкімет те, басқа да бұйрық бере алмайды. Өйткені банктердің өз қожайындары бар. Егер банк қожайындары қарыз иелерімен ортақ бір келісімге келіп, мәселені шешіп жатса жақсы, олай болмаған күнде ешкім де араға түсе алмайды, – дейді қаржыгер.

Сарапшылар банктер мен Үкіметті кінәлай беру де жөн емес екенін айтады.  Себебі банктер несиелерді халықтың депозиттеріндегі қаржыдан берді. Яғни, ол халықтікі, оның тең жартысынан көбін жауып тастай алмайды. Бұл арада ипотекалық несие борышкерлерінің алға тартар бір ғана мәселесі бар. Ол – Үкімет 2006-2008 жылдары банктерді сырттан алған қарыздарынан құтқарды, бізді де құтқарсын. Бір жағынан қарағанда бұл талап та қисынды. Мемлекеттің коммерциялық банктерге қол ұшын беруінің негізгі себебі – оларды банкроттықтан құтқарып қалу болды. Егер сол жылдары банктер банкрот болып кетсе, қазақстандықтардың депозиттердегі қаржысы күйіп кетер еді. Ал халық банктерді емес, алдымен мемлекетті кінәлайтынын белгілі. «Аталған банктер алдымен мемлекеттің құйған қаржысын қайтарып беріп, оның ықпалынан шығуға ұмтылады. Себебі олардың бүгінгі қожайыны – Үкімет. Ал Үкімет несиелердің тең жартысын жабу үшін құйған капиталының тең жартысын қайтара алмайды деген сөз.Сондықтан бұл жерде бұған кінәлі қайсысы, борышкерлердің талабы заңды ма, жоқ па деген сауалға нақты жауап жоқ, – дейді сарапшы-қаржыгер Ілияс Исаев.

 Ұлттық банк қарызды қайтару жолында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Проблемалық несие қорын, банктердің күмәнді активтерін тапсыратын еншілес ұйым құру секілді жұмыстар атқарылады. Банктерді осы жұмысқа тарту керек. Сондай-ақ, жыл соңына дейін қайтарымсыз қарызды кешіруге ынталандыратын салық жеңілдіктері енгізілген» деп мәлімдеді. Осыған орай қаржы саласының мамандары мына төмендегі мәселеге көңіл бөлуімізді өтінеді. Қазір, жоғарыда айтып өткендей, шерулетіп жүргендердің ортасында бір пәтерінің құнын төлей алмай жүргендер де, үш –төрт пәтерді қатар алып, соларды жалға беріп, пәтерлерінің құнын үкімет өтеп берсін деп жүргендер де көп. Сарапшы Мағбат Спанов қайтарылмаған несие мәселесінің тым соншалықты күрделеніп кетуіне тап солар кінәлі дегенді алға тартады. Ипотекалық несие бойынша кімнің қанша пәтер алғаны банктерге белгілі. Себебі олардың құжаттары кепіл –құжат ретінде банктерде жатыр. Бірақ банктер солар жайлы мәселе көтеруге аса ықыласты емес тәрізді. Себебі кезінде 250-300 мың АҚШ долларына алынған пәтерлердің қазіргі нарықтық құны 100-150 мың АҚШ долларынан аспайды. Оны сату – банктер үшін тиімсіз. Пәтерлердің кепіл құжаттары қазір иелері ғана пайдасын көріп отырған өлі дүние. «Үкімет осы тұста құжаты банкте жатқан пәтерлерді өз меншігіне алып, саудаға немесе жалға берілетін пәтер ретінде қолдану арқылы ғана оны жарыққа шығара алады. 2006-2008 жылдан бері банктерде жатқан кепілқұжаттарды көлеңкелі қаржы деуге әбден болады, – дейді Мағбат Спанов.