Аймақтар • 02 Мамыр, 2020

Түркістан: Мақтааралда республикалық жедел штаб жұмыс істеуде

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы қазіргі жағдайды бағалау үшін өңірге шұғыл жеткен Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков және Ұлттық ұлан қолбасшысының орынбасары Арлен Бүркітбаев су басу қаупі бар аумақты әуеден бақылады.

Түркістан: Мақтааралда республикалық жедел штаб жұмыс істеуде

Мақтаарал ауданындағы Фердоуси және Нұрлы жол елді мекендеріне су басу қаупі төніп тұрғандықтан 3 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Олар Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінде орналасқан 10 мектепке орналастырылған. ТЖК жедел штабы және Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаменті эвакуация жолдарының және зардап шеккен халықты қабылдау пунктілерінің орналасуын анықтауда. Республикалық деңгейде құрылған жедел штабты ТЖК басшысы Владимир Беккер басқарады. Штабтың хабарлауынша, төтенше жағдайдағы құтқару жұмыстарына Түркістан облысы, Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменттерінің, Ұлттық ұланның, Қорғаныс министрлігінің, аудандық полиция бөлімінің, жергілікті атқарушы органдардың 635 адамы мен 60 дана техникасы жұмылдырылған.

8

Қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар азық-түлік, ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ эвакуацияланған халықты індеттен сақтау бойынша барлық шара қолға алынды. Тұрғындарға антисептик, бетперде, қолғап тегін таратылып, әр азаматтың дене қызуы тепловизормен тексерілуде.

6