Аймақтар • 02 Мамыр, 2020

Түркістан: Мақтаарал ауданындағы жағдай толық бақылауда

158 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мақтаарал ауданында Арыстың тәжірибесіне сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіледі. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев су басқан ауылдарға барып, жағдаймен танысты. Аудан әкімі Б.Асановқа төтенше жағдайдан зақым келген әлеуметтік нысан мен жапа шеккен мал-мүлік санын анықтауды тапсырды. Соған сәйкес, ұйымдастыру жұмыстары жүруде. Қазіргі таңда төрт елді мекеннен 5400-ден астам адам эвакуацияланды.

Түркістан: Мақтаарал ауданындағы жағдай толық бақылауда

Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайға байланысты өткен баспасөз мәслихатында осындай деректер келтірген Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев облыс әкімі штаб отырысын өткізіп, барлық жауапты сала мамандарына тапсырма бергенін атап өтті. «Тұрғындар Атакент кенті мен Есентаев, Игілік, Береке, ҚазССР 40 жылдығы ауылдарындағы мектептерге орналастырылуда. Оларға қажетті тағамдар жеткізіліп, медициналық көмектер көрсетілуде. Бұл жұмыстар іргелес жатқан Сарыағаш, Келес, Жетісай, Шардара аудандарына тапсырылды. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлер де өз үлестерін қосуда. Мырзакент кенті көшірілмейді. Онда су басу қаупі жоқ. Мақтаарал ауданындағы жағдай толық бақылауда»,  деді Бейсенбай Дәулетұлы.

8

Ал облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Абдуллаев зардап шеккен тұрғындар орналасып жатқан мектептерде барлық қауіпсіздік шаралары сақталып жатқандығын жеткізді. «Мектептерде арнайы медицина қызметкерлері мен аудандардан 12 маман қызмет көрсетуде»,  деді басқарма басшысы. Ол сондай-ақ су басқан ауылдағы мал және егістік, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың нақты шығынын анықтау мақсатында барлық тиісті басқарма басшылары да ауданға арнайы шақыртылғанын жеткізді.