Табиғат байлығына қастандық жасағаны туралы бейнесюжет әлеуметтік желілерге жарияланған сәтте Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев қаладағы С.Сейфуллин көшесіне жетті. Ол тиісті мекеме басшыларына талдарды аяусыз отағандарға іс қозғауға тапсырма берді.
Анықталғандай, «Талас» мөлтекауданы №17 үйдің жанындағы қауіпті 27 ағашты жасарту мақсатында олардың төбелерін қысқартуға әкімдіктің тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан ағымдағы жылғы 20 наурыз күні рұқсат берілген екен. Алайда, кәсіпкер талапты орындамай, ағаштарды түбінен отап тастаған. Қазіргі таңда құзырлы органдар тарапынан кәсіпкердің ісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Бүгінде Жергілікті полиция қызметі мен орман шаруашылығы мамандары келтірілген залал мөлшерін анықтауда. Ал, кәсіпкерге келтірілген залал үшін 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, Тараздағы Абай даңғылы мен Ташкент көшесінің қиылысындағы «Golpass» мейрамханасы алдындағы кесілген ағашқа байланысты қала әкімі Айтқазы Қарабалаев барлық құзырлы орган мамандарын көрсетілген мекенжайға жинап, ағашты кескендерді тауып, әкімшілік жауапкершілікке тартуды тапсырды. Атап өтсек, қаланың басты көшелерінің бірі болып саналатын бұл көшедегі талды түбінен кесуге әкімдік тарапынан ешқандай да рұқсат берілмеген. Аталған мейрамхана қызметкерлерінің айтуынша, алғашқыда әлдекімдер ағашты ортасынан, бірнеше күннен кейін түнде түбінен кесіп, бұталарын осы жерге тастап кеткен. Көше бойында шашылған бұтақтарды алдағы күні «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің қоғамдық жұмысшылары шығарған.Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша құзырлы органдар іс қозғап, тергеу амалдары жүргізілуде. Тараз қалалық әкімдігінің мәліметінше, қалай болғанда да жасыл желекті құзырлы органның рұқсатынсыз, орынсыз отап, кескендер қатаң жазаға тартылады.
Сондай-ақ, әкімдік бұл мәселеге қатысты ешкімнің де жазадан құтылмайтынын мәлімдеді.