Іссапар барысында министр «Қордай» және «Қарасу» кеден бекеттерінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулетпен бірге «Қарасу» кеден бекетіне барды. Мұнда шекарашылар пункттің қазіргі әлеуеті мен жұмысы жайында мәлімет берді. Бұл ретте аудан әкімі Рүстем Дәулет министр Бейбіт Атамқұловқа «Қордай» өткізу бекетінің күрделі жөндеуге жабылуына байланысты бұл бекетке айтарлықтай күш түскенін ескеріп, аудан әкімдігі тарапынан мұнда бірқатар жағдайдың жасалғанын айтты. Сонымен қатар, адамдарды өзге пункттерге тасымалдау мақсатында арнайы көліктер ұйымдастырылғанын да жеткізді. Министр Бейбіт Атамқұлов алдағы уақытта «Қарасу» кеден бекетін кеңейту жұмыстары бойынша шекарашылардың ұсыныстарын тыңдады. «Бұл бекет екі ел арасында адамдар мен көлік құралдары көп өтетін пунктердің бірі болғандықтан, халық үшін барлық жағдайлар жасалу қажет. Интернет желісінен бастап, электрондық өткізу құрылғылары, бейнебақылау жүйесі, медициналық пункт, тіпті қажет болған жағдайда шекарашыларға жатақхана салу мәселесі де құрылыс жоспарына енгізілуі керек», деген минтстр тиісті мекеме басшыларына тапсырма берді.
Бұдан кейін министр ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары басталған «Қордай» өткізу пунктінің құрылыс барысымен де танысты. Бүгінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан нысанның жағдайын бас мердігер баяндады. Ал, министр нақты мерзімдері мен жүзеге асыру кезеңдері келісілген мерзім ішінде құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтау қажет екендігін баса айтты. "Негізінен «Қордай» өткізу-бақылау бекеті Қазақстан мен Қырғызстан елдері арасында халық пен көлік ағыны ең көп шекаралық пункт болып саналады. Тәулігіне бірнеше мың адам мен автокөліктер өтетін аймақта жаз айларында жол жүруші азаматтар да көбейеді. Сондықтан да осындай жағдайларды ескеріп, ауа жылытуымен біріктірілген ауа жылыту және салқындату жүйелері және сырттан сору желдету жүйелері міндетті түрде болуы керек» - деді министр. Сонымен қатар, бас мердігер мен жауапты мекеме басшыларына тапсырма беріп, бұл мәселе аудан әкімінің тікелей бақылауында болатындығын жеткізді.
Жамбыл облысы