Тараз қаласындағы Абай даңғылынан Көшеней көшесіне дейінгі аралығында өткен жылы «Таразтрасэнерго» мекемесі жылу құбырын жүргізу жұмыстарын атқарған болатын. Қыс мезгілінде көпшілік нашар жолмен жүріп, мезі болған еді. Тіпті тұрғындар тарапынан да мәселе көтерілген. Бүгінде аталған даулы мәселенің өз шешімін табуда. Қазіргі кезде мердігер компания мұнда техникаларын қойып, жолдарға асфальт төсеу жұмыстарын бастап кетті.
Сонымен қатар, қаладағы Әйтиев көшесінің Қазыбек би көшесінен Қонаев көшесіне дейінгі аралығындағы жолдарға да тұрғындар тарапынан көп сын айтылған болатын. Бүгінде бұл мәселе де қолға алынып, жолдарды асфальттау жұмыстарын «Арайстроймаркет-2003» ЖШС-гі жүргізуде. Тараз қалалық әкімдігінің мәліметі бойынша, жалпы ені 11-12 шақырым болатын көшенің 570 метр жол бөлігі жөнделеді. Осындай жөндеу жұмыстарын «Ая-Сервис» ЖШС-гі Байзақ батыр көшесінде де жүргізуде. Аталған серіктестік Төле би көшесінен Ташкент көшесіне дейінгі аралықты асфальттау жұмыстарын да қарқынды жүргізуде.
Аталған жұмыстардың сапалы атқарылуын қадағалау мақсатында қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың өзі құрылыс басында жүр. Ол салынып жатқан жолдың барысын бақылап, мердігерге жұмысты аяқтау мерзімін белгілеп берді.
Жамбыл облысы