20 Қыркүйек, 2013

Қазақстан – Сорбонна француз университеті ашылмақ

400 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің халықаралық байланыс­тары жылдан-жылға жедел қарқынмен даму үстінде. Италияның Болон қаласында Университеттердің Ұлы Хартиясына мүше болған оқу орны бүгінде әлемнің ондаған беделді университеттерімен әріптестік қатынас орнатып үлгерді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің халықаралық байланыс­тары жылдан-жылға жедел қарқынмен даму үстінде. Италияның Болон қаласында Университеттердің Ұлы Хартиясына мүше болған оқу орны бүгінде әлемнің ондаған беделді университеттерімен әріптестік қатынас орнатып үлгерді.

Биыл мамыр айында аталмыш қара шаңырақтың қабырғасында Қазақ-қытай инновациялық орта­лығы ашылса, 17 қыркүйекте осы оқу орнында «Қазақстан – Сор­бонна француз университетін» ашу туралы екі оқу орны басшылары Меморандумға қол қойды. Бұл рәсімге Францияның Франкофония жөніндегі министрі Ямина Бенги­ги ханым бастаған Франция делегациясы келді. Делегация құра­мында Париждегі Сорбонна университетінің Президенті Жан-Франсуа Жирар, аталған жо­ба­­ның иесі белгілі жазушы, қо­ғам қайраткері Марек Халтер жә­не Сорбонна университетінің оқы­тушы-профессорлары, фран­ция­лық журналистер болды. Қазақ-француз басқосуына Француз рес­публикасының Қазақ­стандағы елшілігінің өкілдері қатысты.

ҚР Ұлттық Ғылым акаде­мия­сының салтанат залында өткен Меморандумға қол қою рәсімін Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Серік Пірәлиев ашып, франциялық қонақтарды таныстырды.

– Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті базасында «Қазақстан – Сорбонна француз университетін» ашу туралы екіжақты келісімшартқа қол қоюға жиналып отырмыз. Бо­лашақта бұл университетте Қа­зақстан жастары французша оқып білім алады. Мұнда Сор­­бонна университетінің профессорлары дәріс оқып, біздің жастарымыздың Еуропалық білім кеңістігіне шығуына, білім берудің француздық инновациялық тех­нологияларын игеруіне, ғалым­дарымыздың бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруына қол жеткізуіне, сондай-ақ, Франция мен Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті нығайтуға мүмкіндік береді. Бола­шақта «Қазақстан – Сорбонна фра­нцуз университетінде» Орта­лық Азия жастарының да білім алуына кең жол ашылады, – деп атап өтті С.Пірәлиев.

Алматы қаласы әкімінің орын­­­басары Зәуре Аманжолова фран­циялық қонақтарға Алматы қала­­сының экономикалық және әлеуметтік дамуы, білім беру сала­сындағы жетістіктері туралы айтып, қолға алынып отырған іске сәттілік тіледі.

Бұдан кейін ҚР Ұлттық ғы­лым академиясының үлкен залында екіжақты пікір алмасулар бол­ды. С.Пірәлиев Француз Республикасының Франкофония жөніндегі министрі Ямина Бен­гиги ханымға Абай атындағы Қа­зақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінің құрметті профессоры дип­ломын тапсырып, профессор мантиясын жапты.

Алматыда Сорбонна универ­ситетінде оқу 2014 жылы басталады. Оған дейін дайындық шаралары өткізіледі. Франциядан оқытушылар тобы келіп, Абай атындағы ҚазҰПУ-да лекциялар циклін өткізеді, француз тілінде сабақ өткізу қолға алынады. Ал­ғаш­қы жылдары маркетология, әлеу­меттану, саясаттану, архитектура және дизайн мамандықтары бойынша мамандар даярлау қолға алынбақ.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.