Қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Айдын Ахмағамбетовтың айтуына қарағанда осындай велосипед ұрлығы патрульдегі жасақтың күшімен бірінші рет ашылып отыр екен. «Зарина Елубаева - полиция офицері, ІІМ Қостанай академиясының түлегі. Жас қызметкер жауапкершілік және еңбекқорлығымен ерекшеленеді», - дейді ол.
Оқиға былай болған. Күн сайын қаладағы қоғамдық тәртіпті бақылауға 550 адамдық қызметкерлер бірнеше топ болып шығатын болса, Зарина бастаған топ та соның бірі болған. Ол қаланың Интернационал көшесінен Чайковский көшесіне дейін Әуезов көшесіндегі №497 кварталға бақылау жүргізген. Жасақ құрамында Зарина Елубаевадан басқа қатардағы полицей Қайсар Ботпаев және Ұлттық ұланның Әскери институтының үш курсанты болған. Кешкі сағат 5 шамасында Бөкетов көшесіндегі дүкендердің бірінің алдынан қымбат бағалы Centurion велосипеді ұрланды деген хабар түседі.
Сол төңіректі бақылап жүрген Заринаның көзі Әуезов көшесінің бойындағы аулалардың бірінде сипаттамасы ұрланған мүлікке келетін велосипедті шалып қалады. Қырағы лейтенант жасағына оны мінген адамды жедел ұстауға команда беріп, ұрыны бұлтартпай құрықтайды. Бұл шынында да дүкеннің жанынан ұрланған велосипед екені анықталады. Иесі өзінің мүлкін жазбай таниды. Шақырылған жедел-тергеу тобы аталған қылмысқа қатысты қажетті процессуалдық іс-әрекеттерін жалғастырып, осы факті Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарына кірісіп кетті. Қазір олар күдіктінінің басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
Сөйтіп, жас лейтенант өзінің міндетіне жауапкершілікпен қарап, қырағылық көрсеткендігінің арқасында мақтауға ілекті. Оның еңбегін адал бағалау алдағы күндердің міндеті болса керек.
ПЕТРОПАВЛ