20 Қыркүйек, 2013

Жұрт қолжетімді тұрғын үйден үміт күтеді

299 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Кутузов-Жаяу Мұса көшелерінің қиы­­лысында «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйлер бой көтеруде. Яғни, еліміздің Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы саналатын тұрғындар осы үйлерден пәтер алады. Егер тұрғын үйлер құрылысы мерзімінде аяқталса 400-ге жуық отбасы қуанышқа кенеледі.

Облыс орталығындағы Кутузов-Жаяу Мұса көшелерінің қиы­­лысында «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйлер бой көтеруде. Яғни, еліміздің Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы саналатын тұрғындар осы үйлерден пәтер алады. Егер тұрғын үйлер құрылысы мерзімінде аяқталса 400-ге жуық отбасы қуанышқа кенеледі.

Ал жалпы, салынып жат­қан бұл тұрғын үйлердің аума­ғы – 26 мың шаршы метр. Құрылыс жұмыстарына 2 368 миллион теңге қаражат бөлін­ген. Бұл күндері құрылыс алаңдарында «Құрылыс», «Керемет-ПВ» және «Жәрдем» серіктестіктерінің құрылысшы-жұмысшылары еңбек етуде. Салынып жатқан әр үйге бір мердігерден жауапты. Серік­тестік басшыларының ай­туын­ша, үй құрылысы Семейден, Екібастұздан, Қа­ра­­ғандыдан жеткізілген кір­піш, арматуралар сияқты отан­дық өнім­дердің арқасында жүр­гізі­луде. Мәселенің мәнісі сол, жеткізілетін құрылыс ма­те­риалдарының бағасы құрылыс басталмас бұрын белгіленген алғашқы бағасынан қымбат көрінеді. Екіншіден, нағыз өз ісінің шеберлері – кәсіби құрылысшылар аз. Сондықтан, үй пайдалануға берілген соң-ақ, сапасыз құрылыс сыр бере бастайды. Жер телім­дері жеткіліксіз. Облыс орта­лығына қарайтын Байдала, Долгое ауылдары маңында тұр­ғын үйлердің бәрін бір жер­ге тұрғызу емес, қаланы кеңейту мақсатында қолға алу жөнінде жоспар болған-ды. Әзірге тыныш. Қазіргі кезде облыс орталығындағы «Алюминийстрой» шағын ауданындағы апатты жағдайда тұрған 5 үй құлатылды. Жұмыс барысын бақылау үшін облыс әкімі Ерлан Арын да келді. Бір айдан соң жаңа үйлер кешенінің құрылысы да басталады делінгенімен, міне, күз де келді, әлі жұмыс байқала қоймайды. Ескі үйлерден тұратын «Алюминийстрой» шағын ауданын көшіру және оны қайта құруды кезең-кезеңмен жүргізу жоспарлануда. Жалпы, барлығы екі қабатты 160 үй бұзылмақ. Яғни «Сарыарқа» жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы алдағы уақытта 4 мың отбасын тұр­ғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 50-ші жыл­дары салынған тұрғын үйлерден тұратын бұл ауданда енді «Сарыарқа» атты жаңа тұрғын үй кешенінің жобасын Үкімет қолдап отыр. Облыс орталығының кел­­беті мен көркін жақсарту мақ­сатында жаңадан бой көтеретін 12 қабатты үйлердің жобалау жұмыстарын жүргізу, инженерлік-коммуникациялық желілер тарту мақсатында 180 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінбекші. Сөйтіп, аудандағы 160-қа жуық ескі, екі қабатты үйлер бұзылып, оның орнына көп қабатты 107 тұрғын үй бой көтермекші. Осы үйлерде тұрып жатқан 1272 отбасы бар. Тұрғындарды қала ішінде басқа жерге көшіру туралы қала әкімі Ораз­гелді Қайыргелдинов тиісті қаулы қабылдады. Алдымен екі қабатты 5 тұр­ғын үйдің тұрғындарын көшіру қолға алынды. Қаулыға сәйкес, көшірілетін 5 үйдің жер те­лімдері бірден мемлекет қажеттілігіне алынады. Қа­зірде оларға инженерлік желілер (электр қуаты, суық және ыстық су, жылу, канализация құбырлары) тартуға қаржы бөлінді. Бұл жаңадан салынатын зәулім үйлердің қажетті коммуникациялармен толық қамтылатынын білдіреді. Алғашқы көші­рілген 5 үйдің иелеріне Аман­гелді-Лесной көшелері қиылысындағы әлеуметтік үйден уақытша пәтерлер берілді. Уақытша дейтін себебі, кейін тұрғындарға қазіргі ескі үйлердің орнына жаңадан бой көтеретін үйлерден пәтерлер үлестіріледі. Тұрғындарға берілетін баспананың аумағы ескі пәтерлердің көлеміне сәйкес болады.

Ал «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында салынатын жалдама­лы баспаналарға құжат тап­сырған тұрғындардың, әсі­ресе, жас отбасыларының кө­ңілдерінде үміт пен күдік қатар жүр. Әрине, жас отбасылары арзан бағалы пәтерге қол жеткізуді ойлайды. Ал, облыс орталығындағы мұндай пәтерлердің саны шектеулі. Алдағы жылы берілетін тұрғын үйде 68 пәтер бар болса, оған 334 отбасы өтініш білдіріпті. Олардың әрқайсысы 2 және 3 бөлмелі пәтер алғылары келсе, бір пәтерге 7-8 отбасыдан келеді. Сегіздің бірі пәтер алады. Қалғандары келесі үйге құжат жинау кезеңін күтеді. Жасы 29-дан аспауы керек деге н шарты тағы бар. Қазақ жас­тары 1 бөлмелі пәтерден гөрі 2-3 бөлмелі пәтер алуды ойлайды. Өйткені, ертең 2-3 балалы болса, келімді-кетімді ағайыны бар дегендей 1 бөлме тарлық етері сөзсіз. Сондықтан, 2-3 бөлмелі пәтерлерге өтініштер көп түседі. Қаладағы Ге­ринг-Минин көшелерінің қиы­лы­сында салынып жатқан үй­­дегі 68 пәтердің 34-і бір бөлмелі екен, онда осы санатқа құжат тапсырғандардың көп­шілігі бас­паналы болулары да мүмкін. Қалалық қаржы бөлімінің басшысы Қайыржан Сәрсекеевтің айтуынша,1 бөлмелі пәтерлерге 2 отбасыдан келеді.

Заңсыздыққа жол жоқ. Пә­тер үлестіру балдық жүйе негізінде жүргізіледі. Өтініш бе­рушілердің құжаттары ірік­теліп, әр отбасының балы есептелгеннен кейін комиссия шешім қабылдайды. Комиссия құрамында нұротандықтар, жасотандықтар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкіл­дері бар, – дейді Қайыржан Сәрсекеев. Енді жалдамалы баспана бөлісіне қатысатын жас отбасыларына қойылатын талаптар мен жиналатын құ­жаттар тізіміне қарайық. От­басы қалада тіркеуде болуы шарт. Екіншіден, бағдарламада балл есептелгенде алдымен бала саны назарда болады. Үшіншіден, жас отбасының некеде тұрған әр жылына 5 балдан беріледі. Міне, жас отбасыларына арналған же­ңілдіктердің түрі осындай. Сонымен қатар, елімізде ата-ананың қамқорлығынсыз қал­ған және жетім балалардың баспаналы болу мәселесі де айтылуда. Олай болса, облыс­та 2004 жетім бала бар десек, олар да тұрғын үй кезегіне тұра алады және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары бола алады деген сөз. Құрылыс басында «Нұр Отан» ХДП-ның партиялық бақылау бекеті жұмыс жасайды. Банк филиалының директоры Ботагөз Қамарова мемлекеттік бағдарлама ар­қылы баспаналы болғысы келетін тұрғындардың саны көбейіп келе жатқанын айтты. Жаңа үйлердің әр шаршы метрінің құны белгіленген баға көлемінде қалып отыр. Әрі нарықтағы баспаналар бағасынан арзан. Орташа жалақы көлемі ескерілген. Сондықтан, алдағы уақытта облыс орталығында салынатын тұрғын үй құрылысы екі есеге көбейеді, қолжетімді баспанаға қол жетеді деген сөз.

Фарида БЫҚАЙ,        

«Егемен Қазақстан».

Павлодар облысы.