Саясат • 04 Мамыр, 2020

1 600 мың адам коммуналдық қызметтерді төлеуге көмек алады

744 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов карантин енгізілген қалаларда коммуналдық қыз­меттерді өтеу мәселесі бойынша мәлімет берді.

1 600 мың адам коммуналдық қызметтерді төлеуге көмек алады

Іс-шара барысында ол қай са­наттағы адамдардың комму­налдық қызмет ақысын мемлекет төлейтінін айтты.

«Президент карантин енгі­зіл­ген елді мекен тұрғындары үшін коммуналдық төлемдерді тө­мендету туралы тапсырмасын орындау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрінің бұйрығымен ком­муналдық қызметтерді жеткі­зушілердің шығындарын өтеу қағидалары бекітілді. Мынадай санаттарға көмек көрсетіледі: І, ІІ және ІІІ топ мүгедектері, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көп балалы отбасылар, Ұлы Отан соғысы қатысушылары және оларға теңестірілген адамдар, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер және атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар. Шығындарды өтеу бо­йынша айтар болсақ, сәуір және мамыр айларына әр айға 15 мың теңгеден төленеді. Төлемдер тек әкімдікке берілген өтініш негізінде жүзеге асырылады», дейді Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов.

Оның сөзінше, жоғарыдағы топқа жататын азаматтар ақпа­раттық жүйе немесе саll-орталық арқылы өтінім беруі керек.

«ЖСН, әлеуметтік мәртебе және жеке есепшотты ауызша айтсаңыз жеткілікті. Бізге өз бетімен өтінім беру қиынға соғатынын айтып хабарласатындар бар. Мұндай жағдайда оның атынан өтінімді жақындары бере алады. Сол адамның жақыны екенін дәлелдейтін құжат талап етілмейді. Өтінімді қабылдаған әкімдер мәліметтерді тексереді. Ма­құлданған жағдайда есеп­шотқа ай сайын 15 мың теңге тү­седі. Әкімдік өтінімдерді қабыл­дай бастады. 15 мың теңге алуға болатыны расталған адамдар екі ай үшін 30 мың теңге алады. Әкімдіктер өтінім беруге арналған ресурстарды құру бо­йынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр», деді ол.

Сонымен қатар ол ком­му­нал­дық қызметтер үшін төлейтін қызметақы 30 мыңнан аз болса, артылған ақша келесі айдың ком­муналдық қызметтеріне тө­ленетінін айтты.

«Көмек қағидада көр­се­тіл­ген санаттарға жататын, ком­муналдық қызмет көрсету­ші­лермен өз атынан келісімшарт жасаған және карантин енгізілген елді мекенде тұратын адамдардың барлығына көрсетіледі. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған және көп балалы отбасылар, мемлекеттік және қоғамдық қызметін, әскери борышын өтеп жүрген кезде қаза тапқан адамдардың отбасы мүшелерінің бірінің қызмет көрсетушілермен шарты болуы тиіс. Және де коммуналдық қыз­меттер үшін төлейтін қызметақы 30 мың­нан аз болса, артылған ақша келесі айдың коммуналдық қызметтеріне төленеді», деді Б.Шаханов.

Сөз соңында Б.Ша­ха­нов ал­дын ала болжам бойынша, 1 600 мың адам коммуналдық қыз­мет­терді төлеуге көмек алатынын айтты.