20 Қыркүйек, 2013

Мектеп басшысы қандай болуы керек?

5551 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкент қаласындағы №65 мектеп-гимназиясы бір жылдан бері Назарбаев зияткерлік мектебінің базасы ретінде білім беруде. Содан болар мектеп ұжымы жыл бойына қала, облыс, республика және әлемдік деңгейдегі бірнеше оқу орындарында іс-тәжірибе жұмыстарынан өтіп келді. Соның бірі ретінде Ұлыбританияның Брайтон қаласында өткен тәжіри­беммен бөлісетін болсам, білім саласындағы өз әріптестеріме айтарым көп.

Шымкент қаласындағы №65 мектеп-гимназиясы бір жылдан бері Назарбаев зияткерлік мектебінің базасы ретінде білім беруде. Содан болар мектеп ұжымы жыл бойына қала, облыс, республика және әлемдік деңгейдегі бірнеше оқу орындарында іс-тәжірибе жұмыстарынан өтіп келді. Соның бірі ретінде Ұлыбританияның Брайтон қаласында өткен тәжіри­беммен бөлісетін болсам, білім саласындағы өз әріптестеріме айтарым көп.

Біз Брайтон қаласындағы Сассекс университетінің базасында оқыдық. Оқу апта бойы жүрді. Түске дейін тренингтер болады, түстен кейін мектептерді аралаймыз және көрген-білгенімізді, нақты не үйренгенімізді міндетті түрде талқылап отырамыз. Сассекс университеті үлкен альянс ретінде құрылған. Құрамына бірнеше бастауыш және орта мектептер, оқыту тренинг орталықтары, сая­­­бақтар, кітапханалар кіреді. Оқы­­тушылары әрқашан сыпайы жә­не қарапайымдылығымен, өз ісінің майталмандылығымен ерек­шеленеді екен. Біз негізінен «Көш­басшылық пен мектепті басқару» тақырыбын қамтыдық. Бұл тренингтердің мақсаты – біздің мектепті басқаруға деген көзқарасымыз бен санамыз­ды өзгерту болып табылды. Жасы­ратыны жоқ, бізде мектеп басқаруда басшылар өз билігімізді ұжымның белсенді шығармашыл мүшелерімен бөлісудің орнына, оларға өзіміздің идеямызды таңып береміз, оны іске асыруға міндеттейтініміз бар. Ал олардың ойында қандай жаңашыл идеялар бар екені басшыларға беймәлім. Өйткені, көп жағдайда ұжым мүшелерінің өз ойын ортаға салып талқылауына басшылар тарапынан мүмкіндік берілмейтінін мойындау керек.

Сондықтан қазіргі мектеп басшыларының басқару ісінде өз жұмысын жаңашаландыру үшін таңдау жасауға тура келеді. Басшылық па, әлде көшбасшылық па? Айырмашылығы неде? Мен мұны қарапайым тілмен түсіндіріп беруге тырысайын. Мысалы басшы ұжымды жинап, жоғарыдан келген тапсырмаларды үлестіріп бергеннен кейін барлық мұғалімдер пассивті орындаушылар ретінде өз міндеттеріне кіріседі. Басшының тірлігі тек бұйрық берумен ғана бітетін сияқты. Мұғалімдер еш­қандай мәселеге өз көзқарас, пі­кірлерін білдіре алмайды. Ал көш­­басшы – мектептегі кез келген мә­­селе бойынша ұжымды жинап, кі­шігірім ашық тренинг өткізе отырып, ұжымның әр мүшесінің ойлау, жұ­мыс істеу әлеуетін зерттеу арқылы оларды бір командаға айналдырып, сол тақырыптарды өз беттерінше ізденіп орындай алатынына сенім білдіреді, ынталандырады.

Басшы өзін әлі де консер­ватиз­м­дік стильде ұстайды. Өз мектебінің тәжірибесіне қызғанышпен қарауы да мүмкін. Педагогикалық кеңесте көп сөйлейді, барлығын өзі басқарып, өзі реттеуге тырысады. Шешім қабылдауда басымдық рөл атқарады. Ондай басшылардың барлығы «мен білемін, өйткені, мен басшымын» деген позицияны жиі ұстанады. Мұғалімдердің сабағына қатысып, кемшіліктерді талдағанымен, ұжымның оқуына, үйренуіне қызығушылық танытпайды. Ұжым мүшелері үшін басшының пікірі заң. Әдістемелік кеңестерде ұжымға ақыл айтумен шектеледі де, «бәрін мен үйретіп жатырмын» деп ойлайды. Практикалық жағынан сабақ бермегендіктен өз тәжірибесімен бөлісе алмайды. Кейде «біз баяғыда бүйтіп істеуші едік» деп ескі заманның дәуірі өткен тәжірибесін айтатыны бар.

Көшбасшы демократиялық стильді ұстана отырып, тек қана өз ұжымымен ғана емес, ол сырт­қы қауымға да әсер етуді, жер­гілікті қоғамдастықтармен де қарым-қатынаста болып, қол ас­тындағыларды ашық болуға ша­қырады. Әрбір командаға өз та­қырыптары не проблемалар бойынша зерттеген мәселелерін ортаға салуға, ұжымның талқылауына мүмкіндік береді және әрі қарай үнемі жетелеп көмектесіп отырады.

Айтылған сұрақтар мен пікір­лерді, кері байланысты қарастырып отырады. Көшбасшы жүрген жерінде бірінші өзі үйреніп алуға тырысады. Мұндай көшбасшылар ұжымдағы өз командаларын әрқа­шан өзі де жаттықтырып отырады және сырттан да сараптамашылар шақырып, өзінен де басқа көшбасшыларды даярлап, олармен өз билігін бөлісіп отырады. Көшбасшының іс-әрекетіне қарап, ұжым жұмыс жасауға ынталанып, өз міндеттерін үлкен қызығу­шылықпен орындайды және бір-бірімен ой бөлісіп отырады.

Ендеше, өзгерісті неден, қалай бастау керек? Бұл сұраққа жауап беру үшін мектеп басшысы бірінші өзінің жұмыс стиліне өзгерістер мен жаңалықтар енгізуі керек. Англияға барып келген сапардан кейін ұжымды халықаралық деңгейдегі сауаттылықты дамытуға байланысты іс-тәжірибемен таныс­тырып шықтым. Алған сабақтарым туралы ой бөлістім. Ұжымды жалаң сөзбен тәрбиелеуге болмайды, мен ісіммен де, белсенділігіммен де басқаларға үлгі болу үшін және оларды ынталандыру үшін тренинг өткізуді жоспарладым. Тренинг мына мәселелерді қамтыды: мектепте нені өзгерту керек, оны қалай жасау керек, ата-аналармен, тұрғындармен қалай бірігіп жұмыс істеу керек? Былайша айтқанда мектепті басқарудағы ұжымның рөлін білгім келді. Олар көшбасшы дегенді қалай түсінеді? Риза болғаным, мұғалімдер бұл жөнінде пікірлерін ашық және шынайы түрде айтты. Мінекей, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін бағалау үшін алдымен олардың бойында өзін өзі бағалау қасиетін дамыту керек. Англиядағы мектептердегі жолға қойылған жүйе, ол – көркем-әдеби кітаптар оқу. Нағыз тәрбие кітап оқумен байланысты деп есептеледі екен. Міне, осы мәселе Елбасының таяу­да Астанада өткен оқушылармен кездесуінде өте жақсы айтылды. Шынында «Кітап – білім бұлағы, Білім – өнер шырағы» деп бекер айтылмаған ғой. Мұны қазіргі кезде біз де мойындаймыз. Сондықтан тәрбиенің осы түрін мектеп жүйесіне енгізіп жатырмыз. Сөзімді аяқтай келе өз әріптестеріме ең алдымен өз қабілетіңізді, күш-жігеріңізді, өзіңізді бағалап көріңіз дегім келеді. Әрі қарай ұжыммен стратегиялық даму жоспары жасалып, оның орындалуы және жақсы орындалуына бірлесе қызмет ету, өсу және талдаулар жүргізілу үшін рефлексиялық мониторинг қызмет іске асырылатын болады.

Қатира ҚАДЫРБЕКОВА,

Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия директоры.

Шымкент.