Елордадағы «Фолиант» баспасынан Біржан Сал Қожағұлұлының ән-өлеңдері топтастырылған «Ал, дүние...» атты кітап жарыққа шықты. Құрастырушысы – есімі елімізге жақсы танымал өнер жанашыры, ақын, жыршы, сазгер Баянғали Әлімжанов.
Біржан сал – қазақтың ұлттық әрі классикалық өнерінің жарық жұлдызы. Оның әндері орындаушысы мықты болса, бүгінгі күні де тыңдаушыға асқақ сезім, шағала шабыт сыйлайтын өз тұғырынан төмендеген емес.
Елордадағы «Фолиант» баспасынан Біржан Сал Қожағұлұлының ән-өлеңдері топтастырылған «Ал, дүние...» атты кітап жарыққа шықты. Құрастырушысы – есімі елімізге жақсы танымал өнер жанашыры, ақын, жыршы, сазгер Баянғали Әлімжанов.Біржан сал – қазақтың ұлттық әрі классикалық өнерінің жарық жұлдызы. Оның әндері орындаушысы мықты болса, бүгінгі күні де тыңдаушыға асқақ сезім, шағала шабыт сыйлайтын өз тұғырынан төмендеген емес.Он тоғызыншы ғасырда өмір сүріп, Арқада тұтас әншілік мектеп қалыптастырып, қазақ музыкасын жаңа биікке көтерген Біржан салдың шығармашылығы – тұтас бір поэтикалық әлем. Бұл туралы Баянғали Әлімжанов кітаптың алғысөзінде «Оның әндері бір жарым ғасырдан астам уақыт бойы кең-байтақ даламызда үзбей айтылып келеді. Радиода, теледидарда, концерттерде, конкурс, фестивальдерде Біржан әндері ұдайы, күн сайын шырқалып, талай ұрпақтың рухани азығына айналды. Оның мұрасы тірі. Ол халықпен бірге жасай беретін бай қазына» деп жазыпты. Ол сондай-ақ, Біржан сал әндерін қазақтың дарынды, даңқты әншілерінің қаншама буыны асқақтата салғанын, өзін қазақтың дәстүрлі әншілік өнерінің заңды өкілі санайтын өрелі әншілердің Біржанға соқпағаны, өз мүмкіндіктерін Біржан әндерімен сынап көрмегені кемде-кем екенін дәттейді.
Біржан сал әндері топтастырылған бұл жинақ композитордың туғанына 150 жыл толуына орай жарық көріп отыр. Мұнда сал әндерінің әр кезде А.Затаевич, М.Төлебаев, А.Жұбанов, Б.Ерзакович, Қ.Жүзбасов жазып алып, жариялаған және қолжазба күйінде сақталған негізгілері топтастырылған. Және «Жанбота», «Бурылтай», «Ләйлім шырақ», «Телқоңыр», «Жамбас сипар», т.б ең танымал әндерінің түрлі нұсқалары жарияланған. Мұны құрастырушы Біржанның бірсыпыра әндері мен сөздері халық арасында ұзақ уақыт ауызша сақталуына байланысты көп нұсқада кездесетінімен, оған қоса әрбір әнші өзінің орындау барысында азды-көпті өзгерістер енгізіп отыратынымен түсіндіреді.
Б.Әлімжанов «жинаққа Біржан әндерінің бәрі енді деп қарауға болмайды. Өйткені халық арасында оның әлі де жинап, жазып алуын күтіп жатқан әндері жоқ емес. Әнші мұрасының белгісіз бөлігін табу, жариялау – алдағы күндердің міндеті» дейді ескерту ретінде.
«Егемен-ақпарат».