Бес баладан 12 немере сүйіп отырған қария жетпісті еңсерсе де, қартайдым деп қарап отырған жоқ. Күн сайын ауылдан 90 шақырым қашық орналасқан тосқауыл бекетіне қатынап, күзетте тұрған тәртіп сақшыларына ас-су тасиды. Ас-су болғанда, аз-маз ет қосып, майға бұқтырған макарон сияқты қаланың тақыл-тұқыл тағамы емес. Бабына келтіріп тұрып асқан былтырдан қалған соғымның сүр еті, мамырдың сары уыз майы мен жұмсақ қымызы, айран, қиықша нан, құрт, ірімшік сияқты толып жатқан жеңсік ас. Қысқасы кәдімгі малды ауылдың әдеттегі асы.
Полицейлердің жұмысы ауыр екенін білемін. Күні-түні бел жазбай бекет күзетеді. Оларға қолдан келгенше көмек көрсету парызымыз болған соң, осылай күн сайын келіп, қал-жағдайларын сұрап, амандықтарын біліп тұрамын. Енді осындай қиын кезеңде бір-бірімізді сүйемесек, болмайды ғой. 12 немеремнің ішіндегі Фархатым полицияда жұмыс істейді, қазір капитан болды. Арқалық қаласында жедел уәкіл болып қызмет атқарады. Бәрі де өз балам ғой, - дейді қария.
Жалпы аймақта карантин басталғалы тұрғындардың полицияға деген көзқарасы өзгергенін тәртіп сақшыларының өздері де айтып отыр. Осы қысқа мерзім ішінде тұрғындар тарапынан полицейлерге қолдау көрсету шаралары жиілеп, облыста 15 шақты ауқымды қайырымдылық акциясы өткен.
«Тұрғындар көбіне азық-түлік пен бетперде, антисептик сияқты қорғаныш құралдарын әкеліп беріп жатыр. Енді өзімізде бәрі жеткілікті болса да, шынайы ықылас-пейілмен келіп тұрған соң, қолын қайтара алмаймыз. Алғысымызды айтып, разылығымызды білдіреміз. Жалпы, бүгінгі жағдай бәрімізді жұдырықтай жұмылдырып, бір-бірімізге жақындастыра түсті. Жағдайының жұтаңдығына қарамай, үйіндегі бар жылы-жұмсағын аузыңа тосқан қарапайым жандарды көргенде еріксіз толқып кетеміз» - дейді тәртіп сақшылары.
Қостанай облысы