Дамир Жамалбеков Мұнайлы ауданында жеке үйдің бірінде шарбақ қондырып жатқан кезде екі метр биіктіктен құлаған. Туысқандары шұғыл түрде жамбасынан жарақат алған оны облыстық ауруханананың қабылдау бөліміне жеткізеді, содан соң травмотология бөлімшесіне аударылған.Травматолог мамандар рентгенге және компьютерлік томографияға түсірген соң, стационарлық емдеуге алу жөнінде шешім қабылдаған. Жамбас сүйегінде көптеген жабық сынығы клиникалық диагнозы қойылды.
-Ауруханаға түскен кезінде науқас сол жақ жамбас буыны ауырып, мазалай беретіні туралы айтқан болатын. Барлық анализдері алынған соң облыстық ауруханада ота жасау туралы шешім қабылданды. Әрине, толықтай аяғына тұрып кету үшін біраз уақыт керек. Қалған ем-дом шараларын тұрғылықты мекенжайы бойынша емханада жалғастыратын болады, дейді Есет Шахатбаев.
Ал Дамир Жамалбековтың өзі болса ақ халатты абзал жандарға алғыстан басқа айтары жоқ. Кез-келген уақытта дәрігерлік кеңеске жүгіне алатынына дән риза.
-Қазір жағдайым жақсы. Толықтай жазылуым үшін бір айдан астам уақыт керек, себебі оңалту қажет. Ешбір адамға ауырсын деп тілемеймін. Ал дәрігерлер мен медбикелерге келетін болсам, олар - кәсіби мамандар. Оған көзім жетті. Өте ұқыпты. Сол себепті оларға айтар алғысым шексіз және дәрігерлерге қолдары әрдайым жеңіл болсын деген тілегім бар, деді ол.