Сервистік әкімдік кеңсесі «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет атқарады. Мемлекеттік қызмет көрсететін бірқатар мекеме бір жерде шоғырланған. Жобаның көздегені халықтың мемлекеттік қызметшілерге сенімін арттырып, жең ұшымен жалғасқан жемқорлық деңгейін төмендету. Сондай-ақ, бұл жаңашылдық көрсетілетін қызметтің сапасын көтеріп, халықтың цифрлық сауаттылығын жетілдіруге де оң ықпал етпек.
–Бұл жаңалықтың тиімдісі – ешкім есік жағалап, ғимарат аралап кетпейді. Кейде шаршағандықтан, төте жол іздеп, таныс жағалап кететін жағдайлар болады. Ендігі арада осының барлығына тыйым салу үшін ашық әкімдіктер ашып жатырмыз. Бұл Қазақстан бойынша жасалып жатқан шаруа,–дейді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин.
Төтенше жағдай режимі кезінде азаматтарды қабылдау және кеңестер беру онлайн режимде жүргізіледі. Негізінде балаларды балабақшаға кезекке қою және де соның барлығын қадағалау. Мұнда бірінші қабатта мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінде балаларды балабақшаға қою бірінші кезекте тұр. Өйткені, ата-аналар балаларымен үшінші қабатқа көтерілмес үшін осы бірінші қабатта-ақ қызмет көрсетеміз. Қазір мемлекеттік қызметтердің 80 проценті онлайн түрде көрсетіледі,–дейді Бурабай аудандық білім бөлімінің әдіскері Айнагүл Мәкішева.
Бұл Ақмола облысындағы тоғызыншы ашық әкімдік. Жыл соңына дейін осындай сервистік әкімдіктер барлық өңірде ашылады деп көзделуде.
Ақмола облысы.