Аймақтар • 04 Мамыр, 2020

Шымкенттік құтқарушылар су басқан елді мекендерге көмек көрсетуде

279 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы ТЖ департаментінің қызметкерлері Мақтаарал ауданындағы су басқан елді мекендерде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Шымкенттік құтқарушылар су басқан елді мекендерге көмек көрсетуде

Аталған ауданға 2020 жылғы 2 мамырда шыққан құтқарушылар күн сайын ауданның елді мекендеріндегі судың деңгейіне мониторинг жүргізуде, жергілікті халыққа көмек көрсету үшін су басқан ауылдарды аралауда. Осылайша, Шымкент қаласы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Жеңіс ауылында ірі және ұсақ малдарды құтқару жұмыстарын жүргізді.

200-ден астам үй орналасқан Өргебас ауылында құтқарушылар қайықта тексеру жүргізіп, нәтижесінде жергілікті тұрғындарға көмек көрсетті. Су басқан үйлерден олар құнды заттар мен құжаттарды көшіруге көмектесті. Сондай-ақ, ауылды су ағысынан қорғау үшін құтқарушылар жергілікті тұрғындармен бірлесіп, жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізді. Барлығы 100 қап құм төселді.

Командалық-штабтық машинасы арқылы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің, Түркістан облысының және Шымкент қаласы ТЖ департаментінің басшыларымен байланыс орнатылды. Шымкент қаласының құтқарушылары су деңгейінің мониторингін және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда, оған жеке құрамнан 17 адам және 4 бірлік техника жұмылдырылды.

Айта кетсек, бүгін Шымкент қаласынан Мақтаарал ауданындағы су басқан елді мекендерге авариялық-құтқару қызметі үшін 30 арнайы техника жіберілді.

 
Шымкент