Қазақстан • 04 Мамыр, 2020

Үлкен әкемнің сүйегі Брест түбінде жатыр

678 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соғыста хабар-ошарсыз кеткен аталарымыз Ыдырыс, Күштан Сабаевтардың бейнесі әкем Айтжанбайдың есінде бұлдыр-бұлдыр ғана қалыпты.

Үлкен әкемнің сүйегі Брест түбінде жатыр

Үлкен атамыз Күштан 1938 жылы әскерге алынған. Ең соңғы хаты 1941 жылы келген. Ал Ыдырыс атамыз болса, майданға 1943 жылы алынған. Әкеміз біз ес білгелі ат үстінде болды. Біздің бағымызға қарай әкемнің үлкен әпкесі Күнсұлу апа көненің көзі болатын. 1943 жылы Ыдырыс  атамызбен қоса Ният атамыз соғысқа аттанған кезде Оразкүл әжеміз «Айтжанбай мен Әбдіхан жас еді, бізді кімге тастап кетіп барасың» деп, қос құлынын құшағына алып егілгенде, ауылда көңілі босамаған жан қалмапты.

Ният атамыз бен Ыдырыс  атамыз Мәскеуде екі айлық жаттығудан кейін майданға аттанған. Курск бағытына жолға шығып бара жатқанда Ниятатамыздың ішінен қан кетіп, ем-дом қонбай, есінен тана науқастанады. Үлкен анамыздың зар тілегі, Құдайдың құлағына шалынса керек. Кейін әскери комиссия соғысқа жарамсыз деп елге қайтаруға шешім қабылдайды.

Арада аз уақыт өткенде, 1943 жылы Ыдырыс атамыз «Майданға кетіп барамыз. Бағытымыз – Курск. Қалың орманның арасымен кетіп бара жатырмыз» деп елге хат жазады. Содан кейін хабарсыз кеткен. Қай жерде және қандай полкте болғанын да білмейміз. Тек Курс түбінде сүйегі қалды деп долбарлауға болады.

Ният атамыздың 4 ұл, 7 қызы болды. Ұзақ жыл ұстаздық қызметте болып, 1979 жылы 56 жасында дүниеден өтті.

Ал Күштан атамыздан 1941 жылдың 21 мамыры күні Беларуссияның Витебск қаласынан, сосын 1941 жылы 21 маусым күні атақты Брест қамалынан жазған үшбұрышты сарғайған хаттар ғана қалды. Сол хатта көрсетілген адрес бойынша соғыста белгісіз кеткен жауынгерлердің дерегін іздейтін топқа сұрау салғанмын. Анықталғаны, атам құрамында болған 17 шекарашылар отрядының №5 ротасы Батыс Белоруссия, Брест облысы, Черемха селосындасоғысты бірінші  болып қарсы алғаны. Кейін картадан көргенімдей, Черемха селосы Польшаның шекарасында, Белосток, Гродный бағытында, темір жолдың бойында орналасқан кішкентай ғана елді мекен екен. Польшаның шекарасына 12 шақырым жерде орналасқан.

Содан, Черемхада болған полк құрамы, қаза болғандардың қай жерде жерленгені туралы тағы да сұрау жібердім. Атамның дерегін іздестіруге көмектескен қазақстандық топтың жетекшісі Күлән Нұрмұхамбетова Белоруссиядағы іздеу тобына хабар беріп қойғанын айтты. Әзірге нәтиже жоқ. Бірақ К.Нұрмұхамбетова жақында Германия Ресейге Брест қорғанысы кезінде тұтқынға алынғандардың тізімі туралы жаңа деректерді беретінін айтты. «Күштан Сабаев туралы дерек сол кезде шығуы да мүмкін. Бірақ үміттендіргім келмейді» дейді К. Нұрмұхамбетова менімен әңгімесінде.  

Әкем беріге дейін әрбір Жеңіс күнінде әбден сарғайып, жұқарған хаттың мазмұнымен бізді таныстырудан жалықпайтын. «Әскерге кетер алдында түскен суреті бар еді. Көшіп-қонып жүріп, бауырларымның тым болмаса суреттерін де сақтай алмадық» деп, тоғыз перзентінің әрбірінің жүзінен соғыстан оралмаған Күштаны мен Ыдырысына ұқсастық іздеумен отыратын.

Ыдырыс атамыз Ташкент қаласындағы Орталық Азия мұғалімдер дайындайтын университетін бітірген біздің өңірдегі жоғары білімді санаулы ғана азаматтардың қатарында болыпты. 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Байырқұмауылындағы мектепте орыс тілінен мұғалім болып жүрген жерінен әскерге шақырылып, фин соғысына аттанады. Әкем «Күштан ағамыз соғыс алдында әскер қатарында жүріп, офицер шенін алған санаулы қазақ жастарының бірі еді» деп отыратын. 1941 жылы әскери мерзімі бітіп, елге қайтуға дайындалып жүрген кезі екен.  

1941 жылы 20 мамыр күні елге жазған хатында «Алдағы күндерде менен хат-хабар келмесе, алаңдамаңдар. Себебі қағаз-қалам тапшы. Кеудемде жаным болса, өзім хабар беремін.. Әке-шешемді күт, бауырларыңның сабағын қадағала», деп жазыпты.

Екі ұлын соғысқа аттандырып, елде қалған Сабай атамның қосымша қызметі пошташы екен. Ертеректе, жас күнінде аттан құлап, бір аяғы кеміс болып біткендіктен, майданға шақырылмаған. Атамның 1937 жылы кенже қызы Сұлухан әпкеміз Сабай майданан жылы хабар келсе, аяғының кемістігі білінбей, ауылға қарай құстай ұшып, хатты иесіне жеткізгенге асығатынын айтады. Ал қаралы қағаз алса, қайғыны жүрегінің сүзгісінен өткеріп, ауыл ақсақалдарын жиып, естіртеді екен. «Әкемнің қарасы көрінсе, ауыл адамдары көзіне түспей, жасырынып қалуға тырысады екен. Ал күліп келе жатқанын байқаса, сүйіншілеп, қолдағы барын бере салады екен. Ауылға майданнан хат келген күні біздің үйде де той болатын. Кейін соғыстың соңғы жылдары әкем белі ауырып, жатып қалатынды шығарды. Кейбір хабар-ошарды тарату менің мойныма жүктелді», дейтін Сұлухан әпкеміз.  

Ресми орындардан атамыз Сабай Бұршақбаевқа1949 жылы Мәскеуден келген, Ұлы Отан соғысы кезінде хабар-ошарсыз кеткен қатардағы жауынгерлер және сержанттарды есепке алу бөлімінің бастығы, майор В. Гусев қол қойған, № 1480703 болып тіркелген тілімдей хабарламада Сабаев Ыдырыстың Курск шайқасы, ал Сабаев Күштанның Брест қорғанысы кезінде хабар-ошарсыз кеткені, хабар болса қосымша хабарланатыны айтылған.

Брест қорғаны үшін шайқас Беларуссияның бір шетіндегі елеусіз қаланы тарихи, қаһарман қалаға айналдырды. Тарихшылар да, әдебиетшілер де, режиссерлер де халі мүшкіл қала тұрғындарының сол сәттегі жанқиярлық ерлігін қаз қалпында бүгінгі ұрпаққа жеткізуге талпынып келеді. Ал Брест қамалынан 30 шақырым қашықтықтағы Польшаның шекарасында орналасқан Черемха селосындағыжауынгерлер 1941 жылы 22 маусым күні соғысты бірінші болып қарсы алған. Оларды Брест қорғанына қалқан болған топ десе де болады.

Хатынан бір дерек табам ба деген үмітпен сарғайған хатқа қайта-қайта үңілемін. «Шекараның түбіндеміз. Ары қарай Польша басталады. Жағдай жақсы, үш мезгіл тамақ береді. Содан соң күніне 12  шақырымға дейін жүгіртеді» дейді хат бетіндегі деректер.

Жоғарыда айтып өткендей, Сабай атамыз да, үлкен әкем Ният та, өз әкем Айтжанбай да беріге дейін ағаларын іздеді, үміті үзілмеді. Ел-елге, жер-жерге сұрау салып, «Сабаев» деген тегі бар адамдарға хабарласып, табылғандарының ағаларына қатысы бар-жоғын анықтап жүрді.

Ният атамыздың «Сабаев» деген фамилиясы тек мұсылмандарда емес, славян тектестерде көп екен. Әсіресе, орыстарда. Олардың қайсы біріне барып, есік қағасың. Бізді сол тоқтатты» деп отыратынын әкем жиі айтатын.

Әкем 1985 жылы Күштан атамыздың соңғы хат жазған жері Брест қорғанына, Черемха селосына барып қайтты. Сол сапары жайлы күнделігінде «Қала құрылысымен айналысатын мамандар ғана емес, қаланың тұрғындары да аттап бассаң, шұқып қалған жеріңнен адам сүйегі шығатынын, мұндай басында белгісі жоқ, адам сүйегі шашылып кеткен «зират» Кеңес Одағының соғыс жүріп өткен ешбір жеріндежоқ екенін айтады.

Композитор Шуманның «Азасы» Брест қорғанында 1971 жылдан қаралы елге жоқтау айтқандай күңірене естіледі.