Тергеу тұйыққа тірелді
Аталған оқиғаға қатысты 2018 жылдың 11 қарашасында «Бөтен біреудің дүниесіне заңсыз иелік ету әрекеті» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
– Сол күні аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы Нұрлыбек Нұржан «Біз жылқыңыз тұрған ауылға барып күтіп тұрамыз, сіз куә адамдарыңызды алып сол жерге келіңіз», деді. Артынша куә адамдарды ертіп, айтқан жеріне бардым. Жылқының жарақаты бар еді, сол аяғы ісіп кеткен. Аяғын сылтып баса алмай тұр екен. Күдікті адамға соны меңзеп, «Мынау аяғындағы жарақатты көрдің бе? Міне, куә адамдарым танып тұр. Жылқы – менікі. Қазір алып кетемін» деп едім, ол «Бұл жарақат емес, жай қара дақ» деп бой бермеді. Ал Рүстем Оңғар деген учаскелік полицей «Бұл – екі адамның арасындағы дау. Дау шешілгенше жылқыны Дүйсенбай Қойбағаров баға тұрады» деді. Амалсыз жылқыны сол жерге қалдырып кетуге тура келді, – деді Жарасбай Мұқатов.
Қария ертеңінде «Жылқыны тану туралы акт жасаңдар, Қойбағаровтың ауылына қайта барайық» деп полицияға тағы келеді. Бірақ полициядағылар ол күні қозғала қоймаған. Тек 3-4 айдан кейін акт жасаймыз деп ақсақалға келеді. Содан жылқының жарақатын емдеген үш-төрт мал дәрігері бар, жалпы он шақты куә адамды ертіп барады. Бірақ Дүйсенбай жылқыны көрсетпейді. Полиция егер ол рұқсат етпесе, жылқыны көре алмаймыз деген соң, кері қайтқан.
Жоқ іздеген қарияның айтуынша, кейін Дүйсенбай Қойбағаров күрең қызылды жасырып, орнына басқа жылқы әкеп қойған. Ал полиция сол бөтен жылқының құйрық қылын алып, сараптамаға жібереді. Осылайша 2019 жылғы 19 маусымда жәбірленуші «молекулалық-генетикалық сот сараптамасының қорытындысымен» таныстырылып, арнайы хаттама толтырылады. Хаттама соңына: Жарасбай Мұқатов өз қолымен «Сараптама дұрыс жасалмаған, мен қарсымын. Тергеушілер Дүйсенбаймен ауыз жаласып алған. Комиссия, мен қайтадан тексерулеріңді сұраймын» деп жазып, қол қойған. Оның астында Жангелді аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы Н.Нұржанның қолы тұр.
Жарты жылдан аса уақыт тергеу жүргізген аудандық полиция ақыры қылмыс құрамы анықталмады дегенді негізге алып, 2019 жылғы 29 маусымда істі жауып тастаған. Алайда осы жылдың 24 қазаны күні Қостанай облысы прокурорының орынбасары М.Қазиев аталған қылмыстық іс шикі қаралған, тергеу дұрыс жүргізілмеген деп танып, аудандық полицияның қылмыстық істі қысқарту туралы қаулысының күшін жою жөнінде жаңа қаулы шығарады.
Полиция жалған құжат жасаған ба?
Прокурордан пәрмен түскен соң, жиырма күннен кейін қызыл күрең төбелге қатысты қылмыстық іс қайта жанданып, аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Е.Байболов «Жәбірленушіден қосымша жауап алу хаттамасын» толтырады. Хаттама мазмұны бойынша жоқ іздеуші Жарасбай Мұқатов күдікті Д.Қойбағаровтың үйірінде жүрген бөтен жылқыны жаза танып, қателескенін мойындайды. Тергеушінің «Сіз 13.11.2019 жылы сағат 17.00-де Қалам-Қарасу ауылында азамат Д.Қойбағаровтың мал қорасында қамалып тұрған жылқыны дәл осы менің жылқым деп атап көрсеттіңіз. Егер сіз атаған жылқы өзіңіздікіне ұқсамаса, оны неге көрсеттіңіз?» деген сұрағына жәбірленуші «Мен байқамай көрсетіп қойдым. Менің жылқыма шамалы ұқсайды екен», деп жауап береді. Хаттаманың 2-бетіндегі жәбірленуші қол қоятын тұста ешкімнің қолы қойылмаған. Одан кейінгі беттерде жәбірленуші төрт жерде қол қойып, соңына «Жауап дұрыс жазылған. Оқып шықтым» деп жазып, оны тағы бір рет қол қойып соңғы рет растаған.
Алайда жәбірленуші Жарасбай Мұқатов «Бұл хаттаманы толтыруға мен қатысқан жоқпын, полиция сыртымнан жалған құжат жасап отыр. Хаттамадағы жазу да, қол да менікі емес», деп азар да безер болып отыр. Қос құжатты қатар ұстап, ондағы жазу мен қойылған қолдарды салыстырып көрдік. Екі түрлі жазу. Қолдар да бір-біріне ұқсамайды. Бір қызығы, бұған дейін тергеушілер бұл екі құжаттағы жазу мен қолды салыстырып, оның кімдікі екенін анықтайтын ешбір сараптама жасамаған.
– Бір жарым жыл бойы бір байталдың соңында жүрмін. Жаныма батқаны – қолды болған қызыл күреңнің күйігі емес. Бас аман болса, малдың орны толар. Мен полиция қызметкерлерінің әділін айтудың орнына істі көпе-көрінеу бұрмалап, барды жоқ қып, жоқты бар етіп көрсетіп отырғанына күйінемін. Әділдік қайда? – деп жәбірленген қария наурыздың соңында облыстық полиция департаментіне тағы арыз жазып қалдырғанын айтты.
1 сәуірде осы мәселе бойынша облыстық полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетовтің атына сауалхат жолдап едік. Жауабын 28 сәуірде ғана алдық. Электронды поштамызға келіп түскен хатта: Egemen Qazaqstan газетінің сұрауы бойынша Жангелдин ауданының тұрғыны Ж.Мұқатовтың арызы бойынша полиция Қылмыстық кодекстің 389-бабы бойынша тіркелген сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Сараптама тағайындалды. Сондай-ақ Қостанай облысы полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасы Жангелді ауданы полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты Ж.Мұқатовтың арызы бойынша қылмыстық іс жүргізуде», деп жазылған.
Осылайша қызыл күрең төбелге қатысты қылмыстық іс екі рет жабылып, үш рет қайта қозғалды. Жағдай ушыға түсіп, тергеу материалдарын қолдан жасаған деген күдікке ілінген полицейлердің үстінен де қылмыстық іс қозғалып отыр. Тиісті органдар бұл жолы істің ақ-қарасын айырып, әділет үстемдігін орнатар деген сенім басым.
Қостанай облысы