Қазақстан • 05 Мамыр, 2020

Соғыс ардагері Саттар Жақанов: Қошқарбаевтың қасында болдым

424 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола өңірінің тумасы Саттар Жақанов ақсақал биыл 94 жаста. Небәрі 18 жасында қан майданға аттанған сарбаз Берлинге дейін барған. Рақымжан Қошқарбаевпен бір полкта болып, батыр Рейхстагқа ту тіккенде жанында болған.  

Соғыс ардагері Саттар Жақанов: Қошқарбаевтың қасында болдым

1944 жыл. Сұрапыл соғыстың соңғы жылы. Кеңес әскері фашистерді түре қуып, Еуропаға жеткен. Сол жылдың қараша айында қазіргі Бурабай ауданының тумасы Саттар Жақановқа да шақырту қағазы келген. Алдында ғана туған ағасы қан майданда қаза тапса керек. Енді міне, бозбала Саттар да соғысқа аттанды. 

–Венгрия, Австрия, Германия жерлерінде болдым. 63 күн күні-түні соғысып, осы үш мемлекетті азат еттік. Минометчик болдым. Рейхстагтың түбінде 90 күн соғыстық. Қазір сол бір кезді еске алудың өзі оңай емес. Небір қыршын жас опат болды,–дейді майдангер.

Минометшы майдангер Рейхстагқа дейін жетіп, Жеңіс туы желбіреген тарихи сәттің куәгері болған. Кеңес Одағының Батыры Рақымжан Қошқарбаевпен бір полкта болғанын мақтаныш етеді.

– Рақымжан Қошқарбаев взвод командирі болды. Бір полкта, бір батальонда болдық. Соғыстан соң келіні үйге іздеп келген. Тарихи оқиғаның куәгері ретінде жадымда жатталған жайды айтып бергенмін,–дейді майдангер Саттар Жақанов.

Саттар ата Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерімен марапатталған. Майданнан кейін орман шаруашылығында еңбек етіп, зейнетке шыққан. Жұбайы Зейникамал – тыл ардагері. Қос ардагер 9 бала өсіріп-жеткізген. Бүгінде немерелі, шөберелі болып отыр.

 

Көкшетау қаласы