Аймақтар • 05 Мамыр, 2020

Даладағы дүбір

18 рет көрсетілді

Жақсы ауданының диқан механизаторлары көктемгі егіс науқанына сақадай сай. Қажетті техниканы жөндеуден өткізіп, тұқым қорын толықтырып алған. Ендігісі көктемнің ашық әр сәтін тиімді пайдаланып, уақытылы дән сіңіру.

Төтенше  жағдай кезінде  өңір шаруаларының жүріп-тұруына жағдай жасалған.  Қазіргі  уақытта  ылғал жабу жұмыстары жүргізілуде. Үстіміздегі жылы Жақсы  ауданында 470 мың гектар жерге дән сіңірілмек. Оның ішінде көп аумақты дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алады. Алдын-ала жасалған жоспарға сәйкес бидай, арпа, сұлы, бұршақ егіледі. Ал майлы дақылдардан зығыр, күнбағыс, қыша және көкөніс дақылдарынан картопқа арнайы алқаптар дайындалған.

– 212 мың гектар жерге ылғал жабу жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан бері 4700 тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін «Жақсы-Қима» несиелік серіктестігі арқылы 599 млн теңге көлемінде несие алуға өтінім берілді. Бүгінде оның 566 млн теңгесі  қаржыландырылды. Қазіргі төтенше жағдай кезінде ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарының, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің блок-бекеттерден емін-еркін жүріп тұру қамтамасыз етілді,–дейді Жақсы ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Рамазанов.   

Бұдан бөлек, ауданда мал шаруашылығын дамытуға да үлкен көңіл бөлуде. Мәселен   «Сыбаға»   бағдарламасы арқылы 400 бас асыл тұқымды мал сатып алып, 8 ет фермасын құру жоспары бар. Ал «Виктор» шаруашылығы  базасында 100  бас сауын сиыры бар сүт фермасының құрылысын салу жоспарланып отыр. Жоба құны – 160  млн теңге.

Ауыл шаруашылығымен дендеп айналысатын аудандағы тыныс-тіршілік жылдағы қалыпта. Қазір диқандар бірер күннен соң дән егуге шығамыз деп даланың дегдуін күтіп отыр.

 

Жақсы ауданы

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар