Аймақтар • 05 Мамыр, 2020

Атырау: «Бұйырғын» кооперативі бройлер етін өндіреді

740 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрманғазы ауданында бройлер етін өндіретін құс фабрикасының жұмысы жандана бастады. Осы кезге дейін жалпы көлемі 30 тоннадан асатын өнімнің төрт партиясы тұтынушыға жіберілді.

Атырау: «Бұйырғын» кооперативі бройлер етін өндіреді

Аудан орталығынан бес шақырым қашықтағы «Бұйырғын» аталатын жерде жұмысын бастаған жаңа жобаны жергілікті екі кәсіпкер қаржыландырды. Олар 2018 жылдан бері құс фабрикасының жобасына 300 млн теңге инвестиция салды.  Жұмысшыларға арналған жатақхана мен асхана, үш өндірістік нысан бой көтерді. Енді төртінші нысанның құрылысы салынып жатыр.

– Құс жемін Уфадан сатып аламыз. Төтенше жағдайға байланысты елді мекендерге өнім жеткізу қиындаған еді. Бірақ, бұл мәселе жергілікті биліктің қолдауымен оң шешімін тапты. Біз қазір 500-600 грамм салмақ құрайтын балапан өсіруді жолға қойдық. Сондай-ақ, салмағы 1,5 килолық тауық және  3,5 кило болатын бройлер етін өндіруді  жандандырдық, -дейді «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Гүлнар Омарғалиева.

Оның айтуынша, қазір құс фабрикасында вахталық ауысыммен жергілікті жердің 43 адамы жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан жобаға салынған инвестициялық қаржының 25 проценті көлемінде субсидия беріліп жатыр. Сондай-ақ, агросекторды қаржыландыру жүйесімен жылдық өсімі 8 процентті құрайтын  несие алыпты. Жоба құрылтайшылары өз қаражаты есебінен газ және электр желілерін жүргізіпті. Әзірге суды көлікпен  тасиды. Сол себептен, енді су құбырын тарту көзделіп отыр.