Қоғам • 06 Мамыр, 2020

Толғамды тұжырым, қарапайым қағида

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңашалық – ой орманын аралар сәт. Адамзат баласы үшін сынақ мерзімі жұмыр басты пендені сан қиялға жетелейді. Еліміздің бас басылымында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» атты сұхбатын оқып, көңілге көп ой түйіп отырмыз.

Толғамды тұжырым, қарапайым қағида

Бұл жолы да Президент қара орман халықты толғандырған көп мәсе­ле­лерді қаузады. «Абай өзінің «толық адам» тұжырымын мирас етсе, әл-Фараби «бақытқа жету жолындағы қайырымды қоғам» қағидасын өсиет етіп қалдырды. Ұлы ойшылдардың әділдік пен ізгілік жөніндегі ұстанымы баршаға белгілі. Менің «Халық үні­не құлақ асатын мемлекет» атты тұжы­рымдамам осы қағидалармен үнде­седі», дейді Мемлекет басшысы.

Менің ұғымымда ұлыларды ұлық­тау, олардың еңбегі мен есімін жаң­ғырту ұрпақ үшін өнегелі өріс болуға тиіс. Әл-Фараби, Абай тойла­ры­ның бе­­ре­рі де, бедері де сол ұлы­лыққа жа­­қын­дау.

Бұл тойлардың Абайша айт­қан­да, «босқа мал шашпақ емес», өрке­ниеттің өріне бастар ұлағатымен мәң­­гі есте қалғаны абзал. Сонау бір жы­лы украинның ұлы ақыны Тарас Шев­­ченконың күндеріне қатысқаным бар. Каневтегі Тарас жерленген биікте мыңдаған халықты көрдім. Қара тас­ты аялап, мінәжат еткен елді көрдім. Жұрттың ұлылыққа тағзым етіп, шын махаббатпен жарыса Тарас жырларын оқығанына тебірендім. Сонда тұрып: «Шіркін, біздің Абайдың Жидебайы қазақ баласы табынып барар, сағынып барар орынға айналса ғой», деп арман­даған сәтім еске түсіп отыр.

Абай, әл-Фараби – мәңгілік өнеге. Адамзат баласы ақыл-ой арманына түскен мынау алмағайып дүниеде бұл есімдер екі жұлдыз секілді жарқырай бе­реді.

Ұрпақты ұлылықтың ұлағатын сезіне алардай тәрбиелесек, қасиет­ті қазақ жұртының да бақ-талайы жанбақ. Даңғазалық пен бос мақ­тан­ның уақыты өткенін осы мақаланың өн бойынан байқадым. Той өткізудің де жаңа формаларын іздеу керек шы­ғар.

Ел басшысы парасат биігінен ой толғапты. Жүрекке жетер қарапайым қағида.

 

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Соңғы жаңалықтар