Аймақтар • 06 Мамыр, 2020

Атырау: Медицина және полиция қызметкерлеріне қаржылай көмек берілді

364 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда «MEIRIM SHUAGY» акциясы аясында 130 медицина және полиция қызметкерінің әрқайсысы 50 мың теңгеден қаржылай сыйақы алды.

Атырау: Медицина және полиция қызметкерлеріне қаржылай көмек берілді

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, қайырымдылық шарасына Атырау облысының құрметті азаматы Рашиля Мұрсәлиева ұйытқы болған. Акцияға облыс әкімі жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның  мүшелері мен еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері мен Исатай, Махамбет, Қызылқоға және  Индер аудандарының іскер әйелдері атсалысыпты.

– Біз «MEIRIM SHUAGY» акциясын қолға алып, қауіпті індетпен күрестің алғы шебінде жүрген медицина және полиция қызметкерлеріне қолдау көрсетуді көздедік. Акцияға үн қосқандардан  он күнде 6 млн 500 мың теңге жиналды. Бұл қаржыны медицина саласының 100 қызметкеріне, сондай-ақ, 30 полиция қызметкеріне 50 мың теңгеден аудардық. Өйткені, олар қауіпті індеттің таралып кетпеуі үшін өз өмірін тәуекелге тігіп, отбасына бармай, күні-түні жұмыс істеуде. Олардың дамылсыз  еңбегіне өзіміздің құрметімізді,   қолдауымызды осылай білдіруді жөн көрдік, -дейді қоғам қайраткері Рашиля Мұрсәлиева.

Оның айтуынша, акция барысында «Өнерпаз» ЖШС-нің тігін цехында тегілген 1000 медициналық маска  тегін таратылыпты.