«Ел басына төнген апаттан болған залалдың орнын толтыру үшін жан-жақтағы жомарт жандар оңтүстікке гуманитарлық көмек жіберуде. Осыған орай Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының БҚО филиалы, яғни Ақжайық айтыскерлері Мақтааралға қаржылай көмек жөнелтті. Бізден барған қаражат апаттан зардап шеккен ағайынның игілігіне жарасын дейміз!» делінген әлеуметтік желіде таралған хабарламада.
Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалына белгілі ақын Бауыржан Халиолла жетекшілік етеді. Қазір өңірде республикалық деңгейдегі үлкен айтыстарға шығып жүрген 12 ақын бар. Бірақ халық өнеріне жаны жақын, айтысты құлай сүйетін жастар көп. Олардың бәрі Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының жанынан ашылған «Айтыс кабинетінде» жиі бас қосады. Тіпті өздерінің бейресми құрып алған ортақ қоры да бар екен.
- Жастардың бастамасы ғой. Мұның тіпті арнайы бекітілген ережесі, қабылданған жарғысы да жоқ. Әркім шама-шарқынша тиын-тебен салады. Сайыстарда жүлде алғандары ақша аударып қояды. Сосын қажет кезінде өзара ақылдасып, ортақ шешіммен пайдаға асырады. Мысалы, былтыр Арыстағы жарылыстан зардап шеккен ағайындарға да қаржылай қолдау көрсеттік. Одан бөлек, жергілікті қайырымдылық бастамаларға барынша үн қосып отырамыз. Кеше ғана біздің орталықтың қызметкерлері, белгілі ақындар волонтер ретінде өз көліктерімен мұқтаж жандардың үйіне азық-түлік таратты, - дейді Бауыржан Халиолла.
Айтпақшы, дәл осы бастаманың нақ ортасында Ақ Жайықтың ақын қызы, VII «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері Жансая Мусина да бар. Оның соңғы күндері бүкіл халыққа тарап кеткен өлеңі былай деп тәмамдалады:
«Басылмай Мақтаралда ағын күші,
Пенденің бола алмаспын сабырлысы,
Ордалы оңтүстіктен Ақжайыққа,
Жетсе екен жаңалықтың жағымдысы...»
Барша батысқазақстандықтардың да тілегі осы.
Батыс Қазақстан