– Зарослый ауылында тұратын мұғалім көп балалы Нұрлы Омарованың отбасындағы жағдай туралы хабарлады. Біз бұл отбасыға арнайы барып, жағдайыммен таныстық. Бұл отбасының сегіз баласы бар. Балаларының үлкені –16 жаста, ал, кішісі әлі бір жасқа толмаған. Отағасының тұрақты жұмысы жоқ. Он жылдан бері құлағалы тұрған бір бөлмелі сарайды паналап келеді, -дейді ауыл жастарын қайырымдылық іске жұмылдырып жүрген Әнуарбек Батаев.
Оның айтуынша, сегіз балалы отбасы жәрдемақымен ғана күн көріп отыр. Ал, жанашыр жастар қолдауға мұқтаж отбасының жағдайы жөнінде әлеуметтік желіде хабарлап, қаржы жинауды бастады. «Көп түкірсе – көл» дегендей, мұқтаж отбасыға көмек беруге ниетті жандар аз емес екен. Қайырымдылық жасауды парызы санайтын көпшілік қажетті қаржыны тез жинады. Сөйтіп, сегіз балалы отбасы үшін бес бөлмелі үй сатып алынды.
Ауылдастарының әлеуметтік тұрмысы жақсарғанын қалайтын жастар қалған қаржыны тағы отбасыға үй алып беруге жұмсады. Төрт баласы бар жалғызбасты ана Құрманғазы ауылында ауылдастары жалдап берген үйде тұрады екен. Қазір қайырымдылық істі қолға алған жігіттер сатып алынған үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қоныс тойына дайындап жатыр.
Осылайша, қазақтың қанында бар қайырымдылықты бойға сіңірген жастардың қолдауымен екі отбасы баспана бақытына бөленгелі отыр.