Аймақтар • 06 Мамыр, 2020

Ауыл тұрғындары несие алуға көбірек құлшыныс таныта бастады

310 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Соңғы кездері Ақтөбе облысында өздерінің кәсібін ашу үшін ауыл тұрғындары тарапынан несие алу мен рәсімдеуге деген алуға құлшыныс өсіп отырғаны байқалады. Бұл жөнінде egemen.kz тілшісіне «ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина хабарлады.

Ауыл тұрғындары несие алуға көбірек құлшыныс таныта бастады

Оның айтуынша биылғы жылы осы қаржы ұйымы арқылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша еңбек жолын бастаған жас мамандарға бір миллиард 200 миллион теңге несие берілмек. Сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы арқылы өз ісін бастауға бел буған ауыл тұрғындары да арзан несиенің игілігін көре алады. Оның жалпы қоры 3 миллиард теңге төңірегінде.

Тағы бір атап өтерлік мәселе «ауыл шаруашылығын қолдау қорына» төтенше жағдай кезінде шаруаларын жүргізе алмағандықтан алған несиесін төлей алмаған 166 азаматтан арыз түссе, 150 азаматтың қарыздары үш айға шегерілді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Миржан Бекмұхамбетовтың айтуынша қазірде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша арпа, бидай, көкөніс өсіргісі келетін ауыл адамдары да несие рәсімдей алады. Мұның қайтару мерзімі – 180 күн. Ең үлкен несиелеу сомасы – 4 миллион теңге.

Осы және басқа бағдарламалары арқылы көп балалы немесе аз қамтылған отбасылар жылдық төлем мөлшері 4 пайыз болатын несие рәсімдеп ол қаржыға көкөніс өсіріп мал не техника сатып ала алады.