Аймақтар • 06 Мамыр, 2020

Ерлік ескерусіз қалмайды

179 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданына қарасты Әйет ауылының тұрғындары осыдан екі ай бұрын болған оқиғаны әлі ұмыта қойған жоқ. «Ыстығы бет қаратпайтын қою түтін ішіне полицей ойланбастан қойып кетпегенде үй ішіндегілердің тірі қалуы екіталай еді» - дейді Жабағы батыр көшесіндегі жұрт. 

Ерлік ескерусіз қалмайды

Оқиға былай болған еді, 29 қаңтарда  түнгі сағат 23.30-да аудандық полиция бөліміне Әйет ауылының Жабағы батыр көшесіндегі жеке үйлердің бірінен өрт шыққаны туралы хабар түседі. Кезекші бірден дабыл қағып, тосын оқиғаны өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметіне хабарлайды. Алайда өрт шыққан үйге бірінші болып полиция қызметкерлері Жанат Меңдіғалиев пен Сергей Чекин жеткен еді.

- Оқиға орнына келгенімізде аулада үй иесі мен көршілері жиылып тұр екен. Ер адам үйдің ішінде әпкесі қалғанын айтты, - дейді учаскелік полиция инспекторы Жанат Меңдіғалиев.

Санаулы сәтте қызыл жалын шарпып үлгерген үйге кіру мүмкін емес еді. Полиция қызметкерлері өрт сөндірушілер жасағы келгенше тілсіз жау өршіп кетпеу үшін терезеден қар лақтырып арпалысқа түседі. Көп кешікпей өрт сөндірушілер де жетіп, жалынның бетін қайтарады. Бірақ әлі толық сөне қоймаған үй бұл кезде ыстығы сыртқа теуіп түтіндеуге көшкен еді. Сол сәтте Жанат Меңдіғалиев тұмшалаған түтін мен бет қарыған ысқа қарамастан дереу үйге кіреді. Қолшамның көмегімен қарманып жүріп соңғы бөлмеден  кереуетте ес-түссіз жатқан әйел адамды көреді.

- Ойлануға уақыт болмады. Түтін басқан бөлмеде жатқан әйелді көргенде миымда «қалайда құтқару керек» деген жалғыз-ақ ой болды. Әйтеуір әупірімдеп жүріп сыртқа алып шықтым, - дейді учаскелік инспектор. Жанат әйелді көтеріп сыртқа ұмтылған сәтте еденде бүктүсіп ыңырсып жатқан тағы бір адамды байқап қалады.  Әйелді сыртта тұрған әріптесіне табыстаған учаскелік инспектор қою түтін басқан үйге екінші рет кіріп, ер адамды сыртқа алып шығады. Сөйтсе, ол ішке өзінен кейін іле-шала кірген  үй иесі екен. Әкпесін құтқармақ болған ер адамды аз ғана уақыт ішінде ыстық ұрып құлатқан.

Полицейлер жедел жәрдем көлігін күтпестен, 54 жастағы әйел мен оның 52 жастағы бауырын аудандық ауруханаға жеткізеді. Дәрігерлер екі адамның да уланғанын хабарлады.

Қаңтардың қақаған аязында қызыл жалынға оранған үйдің ішінен екі бірдей адамды аман алып шыққан полиция қызметкерінің ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Отан қорғаушылар күні мерекесі қарсаңында Ішкі істер министрлігінің басшылығы Жанат Меңдіғалиевке  «Ерлігі үшін» медалін табыс етті.  

- 2019 жылы Ш. Қабылбаев атындағы  Қостанай академиясын тәмамдадым. Қызметте жүріп үй болып, отбасын құрдым. Таяуда бір қуаныш болып қалар деп үміттеніп отырмыз. Қызмет бабында мұндай жағдайлар жиі болады. Ескеріп, омырауыма медаль тағып жатқан басшыларға алғыс айтамын. Әсіресе, өзімді дүниеге әкеліп, бағып-қағып өсірген ата-анама, академияда шыңдап, тәрбиелеп азамат етіп қалыптастырған ұстаздарыма алғысым ерекше, - деді бейбіт күннің батыры.

 

Қостанай облысы