Салтанатты жиында «Жеңіс күнінің» 75 жылдығы да аталып өтті. «Мамыр айында атап өтілетін мерекелеріміз қарсаңында біз болашақ Отан қорғаушылардың бойында патриоттық сезімнің оянуын қолдап, оларға ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың ерліктерін жеткіземіз. Ол кездегі ортақ Отанымызды фашистік басқыншылардан қорғаған, сондай-ақ әскер қатарында қызмет еткен, бүгінде әскери борышын өтеп жүргендерге құрметімізді білдіреміз. ІІ дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен ұрпақтың ерлігі адамзат жадында мәңгі сақталады», деді салтанатты шарадағы сөзінде полиция департаментінің бастығы, полковник Марат Төлебаев.
Солтүстік Қазақстанның полиция қызметкерлері биылғы сынаққа төтеп беріп, аты жаман індетке қарсы тұрғындардың карантин режімін сақтауын қатаң бақылай білді. Соның арқасында қазір инфекциялық бөлімде бір-ақ науқас қалды. Салтанатты шарада бұл нәтижеге қол жеткізуде полиция қызметкерлерінің еңбегі зор екендігі аталып, олардың ішінен 50-ден артық адамға ведомстволық марапаттар берілетіндігі айтылды. Сонымен бірге 2 қызметкердің лауазымдық атағы жоғарылайтыны белгілі болды. Тағы төртеуі медальдер мен төсбелгілер алды. 8 қызметкерге Ішкі істер министрінің грамоталары мен алғыс хаттары тапсырылды.
Тұрғындар арасынан төтенше жағдай кезінде полицияға қолдау көрсеткен облыс тұрғындары Бақытжан Сәмиева (Іскер әйелдер қауымдастығы), Мұратбек Зейнуллин (Қазақстан халқы Ассамблеясы), Темірғали Әбілмәжинов (Мемлекеттік, банк және қоғамдық қызмет көрсету қызметшілердің кәсіподақ ұйымы) және «Qyzyljar» телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық та марапатталды. Сондай-ақ Аққайың ауданының үш тұрғыны да Алғыс хаттарға ие болды.