Қоғам • 06 Мамыр, 2020

Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтті

157 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі сыбайлас жемқорлықты алдын алу мақсатында бірқатар шаралар қабылдауды көздеп отыр. Министрлік сатып алуларды өткізу мен жобаларды іске асыруды барынша ашық түрде жүргізуге ниетті. Бұл туралы ведомство басшысы Мағзұм Мырзағалиев хабарлады.

Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтті

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірге Экология министрлігінің комитеттеріндегі сыбайлас жемқорлық қаупіне жасалған сыртқы талдау нəтижесін талқыладық. Біз бұл мəселеде бақылау мен жауапкершілікті, оның ішінде кадр таңдауды күшейтуді көздеудеміз», - деп жазды М.Мырзағалиев өзінің Twitter парақшасында.

«Сонымен қатар барлық анықталған тəуекелдерді жоюға, толықтай трансформациялауды өткізуге күш салып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тəсілдерін цифрландыру, рұқсат беру рəсімдерін жетілдіру мен автоматтандыру, əкімшілік кедергілерді азайту есебінен қайта қарауға дайынбыз», - деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, министрлік комитеттері сыбайлас жемқорлық қаупін жою жоспарын əзірледі. М.Мырзағалиев оны іске асыруды жеке бақылауында ұстайтынын айтты. Бұдан басқа, жауапты орган жобаларды іске асыру процесі барынша ашық болуы үшін жұртшылықты тартуға ниетті.

«Сонымен қатар халықты өңірлердегі сатып алулар мен бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бақылау жасау процесіне тартуға ниеттіміз. Осының барлығы ведомстводағы сыбайлас жемқорлық қаупін төмендетіп, көп процестің ашық жүргізілуіне, халыққа есеп беруге мүмкіндік береді деген ойдамын», - деді сала басшысы.