Аймақтар • 06 Мамыр, 2020

Жетісулық учаскелік полицей «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

169 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2019 жылдың 6-қарашасы әдеттегідей басталғанымен Рудничный кенті тұрғындарының есінен кетпейтін күн болып қалады деп ешкім күтпеген еді. Ауылдағы учаскелік полиция инспекторы Ербол Аманбаев та үйреншікті жұмыс орынында отырған болатын. Кенеттен соғылған қоңырау капитанды селт еткізді...

Жетісулық учаскелік полицей «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

Текелі қаласына қарайтын Рудничный кеңестік дәуірде атағы аспандап тұрған елді мекеннің бірі болған. Атауы әлі өзгермеген бұл ауылда негізінен кеншілер қоныстанған еді. Қазыналы өңірде қазір де 1000 адамнан астам тұрғын тіршілік кешіп жатыр. Мұнда кезінде салынған 3 қабатты көп пәтерлі үйлерде тұратын әулеттер көп. Сол күні ауылды дүрліктірген оқиға да осы пәтердің бірінде болған.

«...Капитан, көмектесіңіз үй өртеніп жатыр!» деген хабарды ести сала Ербол Аманбаев Текелідегі өрт сөндірушілерге жүре хабар беріп, кенттің көп пәтерлі үйлері орналасқан көшеге асыққан. Келсе, терезден көк түтін шығып жатыр екен. Бірінші қабаттағы пәтердің есігі жабық. Іштен ілінген екен, қатты-қатты қаққанымен дыбыс білінбеді. «Демек, адамдар түтінге тұншыққан болды. Есікті бұзу керек...» дегенді ойлап үлгерген учаскелік инспекторге ескі тақтай есікті сындырып ашу аса қиын болмады. Капитан ішке кіргенде ас үйден шыққан түтіннің арасынан қызыл жалын сумаңдай бастаған еді. Үй иесін дәлізден тапты. Иіс тиіп құлаған болуы керек. Әйел адамды қапсыра көтеріп алып, есік алдына шығарып жатқызды да, пәтерге қайта ұмтылды. Ас бөлмеге жетіп, газ баллонын іздеп тапты. Қырсыққанда, құтыға бекітілген редуктор ағытылар емес. Ербол қалтасынан бәкісін шығарып, резеңке шланганы кесіп жіберді. Көгілдір отын толы ыдысты сыртқа алып шыққанда ас үйдің қабырғасындағы түсқағаз да лау ете қалған еді, дәл сәтінде үлгеріпті. Енді біраз кешіккенде газ құтысына жалын тиіп, ол жарылғандай екен. Бұл кезде үй иесі Роза апайда есін жиып, жиналған көрші-қолаңның көмегіне жүгініп жатты. Ал полицей өрт шалған пәтерге қайта оралып, бөлме ішін мұқият тексере бастады. Үй иесінен басқа адамның жоғына көз жеткізгесін, ас үйдегі отты сөндіруге кірісті.

- Өрт ас бөлмедегі тоңазытқыштың түбіндегі электр құрылғысынан тұтанған болуы керек, алдымен сол балқып, жаныпты. Әуелі үй иесі өртті өзі өшірмек болғанға ұқсайды, бірақ түтінге қақалып, құлап түскен екен. Газ баллонын қауіпсіз жерге шығарғасын, өртті сөндірмек болдым. Бұл кезде ас үйдің қабырғасы тұтас лаулап жатты. Дерек жуынатын бөлмеден су тасып, жалынды ауыздықтауға кірістім. Жалынның қатты болғаны сондай, оң қолымды қатты күйдіріп алдым, - деп еске алады сол оқиғаны плиция капитаны Ербол Аманбаев.

Жалпы, Рудничый ауылы Текелі қаласынан 60 шақырымдай алыста жатыр. Тау арасындағы жолмен жүріп өту біраз уақытты алады. Өрт сөндірушілер келіп жеткенше тілсіз жау басқа пәтерлерді де шарпып, тұтас үй отқа оранар еді. Ал әбжіл әрекет етіп, түтіннен тайсалмаған Ерболдың арқасында өрт ауыздықталып, қауіп сейілді. Енді айрандай ұйыған шағын ауыл тұрғындары учаскелік инспектордың бұл ерлік ісіне сүйініп, үнемі алғыс айтып жүр. Ажал аузынан қалған Роза Лобова да Ерболға аналық ақ батасын беріпті.

Құқық қорғау саласында 14 жылдан бері қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан капитан Ербол Аманбаевтың ерлігі ескерусіз қалмады. Бастапқыда облыстық полиция басқармасы мен жерглікті әкімдік тарапынан құрмет көрсетілсе, күні кеше мемлекеттік деңгейде марапатталды. Президен Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен марапатталған құқық қорғау және әскери қызметкерлер тізімінде Текелі қаласы полиция бөлімінің Рудничный кентіндегі учаскелік инспекторы Ербол Аманбаевтың да аты аталды. Капитанның өз қызметіне адалдығы мен адамдар алдындағы парызын  алғаусыз атқарған еңбегі «Ерлігі үшін» медалімен атап өтілді.