«Open space» қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталықта Ақсу ауданыныңң 6 мемлекеттік мекемесі қызмет көрсетуді бастады. Қазір бұл жерден 49 мемлекеттік қызметті бірден алуға болады екен. Әрі мұнда келушілерге қолайлы жағдай жасалған, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылыпты. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға да ыңғайлы жағдай қарастырылған.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтылғандай, облыста «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау қолға алынған. Осы міндет шеңберінде аудан орталығынан «Сервистік әкімдік» жобасын іске қостық. Бұл – мемлекеттік орган көрсететін мемлекеттік қызмет түрлерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асып отыр. Енді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратында орналасқан «Сервистік әкімдік» кеңсесінде сыбайлас жемқорлық деңгейін қысқартуға, аудандағы азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру негіз болатын жұмыс атқарылмақ. Осы жерде «Жетісу- адалдық алаңы» кеңсесі жұмыс істейді. Бұл жобалық кеңседе жергілікті атқарушы органдар мен бөлім қызметкерлерінің қызметі ұйымдастырылатын болады, - дейді Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов.